Өзбекстанның Самарқанд қаласында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша өткен әлем чемпионаты аясында еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің әйелдер құрамасы жауынгерлік қанат жаюда әлем чемпионы атанды.
Әйелдер командалары арасындағы жарыс Қазақстан Республикасының құрама командасының жеңісімен аяқталды. Нәтижесі 27,16 секундты құрады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. Жауынгерлік қанат жаюдағы біріншілікте барлығы 4 команда сынға түскен. Өрт сөндіру-құтқару спортының бұл командалық түрі өрт сөндіруге келген кездегі өрт сөндірушілердің іс-әрекеттерін қайталайды. Бұл кезеңнің мәні – магистральдық жеңқұбыр желісін тез әрі дұрыс төсеу және нысанды су ағынымен «зақымдау». Яғни нысана ортасындағы тесік арқылы сыйымдылықты 10 литр сумен толтырғаннан кейін зақымданған болып саналады.
Жарыс нәтижесі бойынша 2-орынды Ресей Федерациясының командасы, 3-орынды Беларусь және Өзбекстан құрама командалары иеленді. Еске сала кетейік, 1 қазанда Өзбекстанның Самарқанд қаласында өрт-сөндіру құтқару спортынан ерлер арасында XVII және әйелдер арасында VІII әлем чемпионаты басталған болатын.
Өрт-қолданбалы спорт – өрт сөндірушілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығының құрамдас бөліктерінің бірі. Бұл – өрт сөндірушілердің дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Олардың төтенше жағдайларда әрекет ету қабілеті және тұтастай алғанда қызметкерлердің физикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар спортшылар жылдам, икемді, төзімді және күшті болулары керек. Бұл дағдыларды Қазақстан құрамасының жетік меңгергендігі әлемдік деңгейдегі жарқын жеңістерінен айқын көрініп тұр.