Алматыда «Түркі әлемінің ақпараттық ынтымақтастығы» атты түркітілдес журналистердің халықаралық медиа-форумы өтті. Түркі әлеміне ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыра отырып, туысқан халықтардың мәдениеті мен өркениетін өрістетуге бағытталған басқосуда кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасу, түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, тарихын және түркі мемлекеттеріндегі танымал тұлғаларды БАҚ арқылы насихаттау, заманауи медиа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері қамтылды.
Айтулы медиа-форум алғаш рет 2018 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Араға үш жыл салып «Түркітілдес журналистер қорының» бастамасымен Алматы төрінде шымылдығын түрген іс-шараға отандық ақпарат саласының өкілдерімен қатар, бауырлас елдердің білікті мамандары қатысты. Атап айтқанда, Түркия Журналистер конфедерациясының халықаралық қатынастар жөніндегі бас үйлестірушісі Мевлут Йени, Анталья Журналистер одағының төрағасы Идрис Таш, Италиядағы Шетелдік журналистер қауымдастығының президенті Эсма Чакыр, Лондондағы «Avrupa Media Group» ақпараттық алаңының қожайыны Ватан Өз, Ташкенттегі «Халық сөзі» газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов, Бішкек мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Алтын Асанова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің басқарма басшысы Ақмарал Пазылова, сондай-ақ медиа саласының басқа да үздік мамандары бір алаңда бас қосты.
– Түркі кеңесінің бастамасымен саяси, экономикалық, мәдени, білім беру және басқа да салаларда белсенді ынтымақтастық жүзеге асырылуда. «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызының бауырлас елдердің журналистерін бір арнаға тоғыстырып, осындай іс-шара ұйымдастырғанын жоғары бағалаймыз. Министрліктің соңғы жылдары түркітілдес мемлекеттермен бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының маңызы өте зор. Мемлекетаралық БАҚ саласындағы іс-қимыл жоспарлары, меморандумдар, тақырыптық стратегиялық сессиялар аясында белсенді жұмыс жүргізілуде. 2021 жылдың наурыз айында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне мүше барлық мемлекет басшыларының қатысуымен Түркі кеңесінің бейресми саммиті өтіп, нәтижесінде Қазақстандағы көне Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды. Аталған бейресми саммит аясында «Turkistan» телеарнасы хабар таратуын бастады. Түркі әлемінің рухани астанасынан хабар таратып жатқан «Turkistan» телеарнасын әлемнің кез келген нүктесінен онлайн тамашалауға болады. Жалпы алдағы уақытта осындай бағытты көздеген БАҚ түркі елдерінде ашылып жатса, баршамыз қолдауымыз қажет деп санаймын. Түркі кеңесінің аясында қазақстандық «Хабар» және «Qazaqstan» Ұлттық телеарналары TRT AVAZ-бен тарихи, биографиялық аудиовизуалды туындылармен алмасуда және телеарна эфирлерінде көрсетіліп, көрермен көңілінен шығып жатыр. Осы достық ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастырып, әріптестік байланыстың деңгейін көтеру маңызды, – деп атап өтті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің басқарма басшысы Ақмарал Пазылова.
Форум аясында өрбіген медиатренингте әлемдік медиакеңістіктегі баспасөздің рөлі, салалық журналистиканың артықшылықтары туралы айтылды. Жаңа ақпараттық кеңістіктің кеңге қанат жаюы көп жұмыстарды жеңілдеткенімен, адамзат алдына ақпараттық қауіп, компьютерлік қылмыс, қоғамдық сананы шатастыру, кибершабуыл, жалған мәлімет беру секілді жаңа кедергілерді әкелді. Ғаламтор бетіндегі жылт етпе ақпараттар жылдам қолжетімді болғанымен, дәстүрлі басылымдардағыдай дәйекті болмауы мүмкін. Ал мазмұн тереңдігі мен ой ұшқырлығы өз алдына бөлек әңгіме. Десе де заман көшінен қалып қоюға тағы болмайды. Өйткені бүгінгі таңда мобильділік – журналистің басты қаруы. Ең дұрысы – ескі мен жаңаны ұштастырып, таразы басын тең ұстау. Осындай пікірге тоқайласқан тәжірибелі мамандар ақпараттық манипуляция күшейген тұста әлемдік журналистиканың ортақ проблемаларымен бірлесе күресу керек деп есептейді.
«Бірлескен іс-шара Түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын дамытуға серпін береді деп сенемін. Маңызды жиындар мен басқосуларға ақпарат айдынында жүрген тілшілер қауымын көбірек шақырып, жиі кездесулер ұйымдастыру олардың тәжірибе алмасуына да жол ашады», деді Анталья Журналистер одағының төрағасы Идрис Таш.
Форум қорытындысына сәйкес, «Түркітілдес журналистер қоры» БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырған «Әлеумет – қоғам айнасы-2022» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
АЛМАТЫ