Өкінішке қарай, қоғамда әлімжеттікті әдетке айналдырған адамдардың қатары көбейіп келеді. Оның дәлелін әр күн сайынғы ала-құла ақпараттан көріп жүрміз. Әсіресе, қорғансыз әйел мен әлжуаз баланы ұрып-соғу мен қорлап, зорлау оқиғалары жиілеп тұр.
Жақында Алматы облысының Қарасай ауданында 6 баласы бар әйелге белгісіз біреу әлімжеттік жасап, өлімші етіп сабағаны жайында хабар тарады. Өкініштісі, тәртіп сақшылары бұл оқиғаға қатысты қатаң шара қолдануды жағдай әлеуметтік желіде жария болғаннан кейін ғана қолға алған көрінеді. Кейіннен аудандық полиция басқармасы 6 баланың анасын зорламақ болған және өлімші қылып сабаған адамның бостандықта жүргені туралы жазбаға байланысты түсініктеме берді.
– Полиция басқармасының кезекші бөліміне Қарасай ауданы, Қаскелең қаласы ауруханасының жансақтау бөліміне 35 жастағы әйелдің ауыр жарақатпен түскені туралы ақпарат түсті. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тіркелді. Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 23 жастағы күдікті аудандық полиция басқармасына жеткізілді, – деп хабарлады аудандық полиция басқармасының өкілі.
Қазір бұл қылмыстық іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Кінәлі сөзсіз сазайын тартады деген сенімдеміз.
Жалпы, биыл аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балалардың саны азаймай отыр. Жыл басынан бері 39 адам Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша жауапкершілікке тартылса, заңның 73-бабына сәйкес азаматтар полицияға 1 311 рет арыз-шағым қалдырған екен. Аталған арыздарды қарастыру нәтижесінде 435 азамат әкімшілік қамауға алынып, 298 азаматқа ескерту жасалған. Сондай-ақ екі тараптың татуласуына байланысты 578 іс тоқтатылған көрінеді.
– Өткен 7 айда өңірде 45 қылмыс тіркелді. Бұл қылмыстық істерді зерттеу нәтижесінде 31 қылмыс адамдардың ішімдікке сылқия тойып алып, мас кезінде жасалғаны белгілі болды, – дейді облыстық полиция департаментінің өкілі.
Айтпақшы, облыс тәртіп сақшылары әлдіден әлімжеттік көрген әйелдер мен балаларды Алматы қаласындағы ана мен бала құқығын қорғайтын орталыққа жеткізеді екен. Жыл басынан бері полицияның көмегіне жүгінген 30 әйел мен 91 бала осы орталықты паналаған.
Алматы облысы