• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2022

Университеттегі қоғамдық қабылдау

498 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­тетінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ЕҰУ басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықовтың қатысуымен жаңа форматтағы қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды. ЖОО ақпараттық ашықтық қағидатын ұстанады және жұртшылықпен тиімді өзара іс-қимыл жасауда коммуникациялардың жаңа арналарын құрады.

Қоғамдық қабылдау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­дамасы аясында студент­термен, ұжым­мен, қоғаммен байланыс орнату үшін құрылды. Заманауи ақпарат­тық технологияларды қолдану – қарым-қатынас­тың жаңа форматы. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ерекшелігі, өтінішті оффлайн режімде ғана емес, сонымен қатар университеттің барлық оқу ғимаратында, жатақханаларында орналасқан QR коды арқылы онлайн режімінде де беруге болады. Арнайы QR кодын сканерлеп, сұраулар мен ұсыныстарды жіберу жеткілікті. Сұрақ автоматты түрде қоғамдық қабылдау бөлмесіне түседі, жауап онлайн режімде келеді.

QR код университетте әзірленген Smart.ENU. қосымшасына бекітілген. Осылайша, ЕҰУ-да цифрлық экожүйе белсенді қалыптасуда.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек атап өткендей, бүгін­де еліміздің жоғары оқу орындарында қоғамдық қабылдаулар құрылып жатыр. Бұл ректоратқа оқытушылардың, студенттердің, сондай-ақ бей-жай қара­майтын азаматтардың барлық мәселе, ұсыныс және идеяларын бақы­лауға мүмкіндік береді.

«Университет миссияларының бірі – жергілікті қоғаммен жұмыс істеу. Университеттің ғылыми, білім беру, тәрбиелік міндеттерінен басқа, зерттеу орталығы ретінде қызмет ету, аймақтың экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосу үшін ерекше миссиясы бар. Жоғары оқу орындарының әкімшілігіне тиімді кері байланыс арналарын беру қажет. Барлық ұсыныс, мәселе уақтылы шешілуі үшін «Халыққа қызмет көрсету орталықтары» тәрізді орындар қажет. Біз бұл проблемалардың қоғам­дық қабылдау бөлмелерінде қалмай, тапсырмаға айналып, тиімді шешімін табудың алгоритмдерін пысықтап жатырмыз», деді С.Нұрбек.

ЕҰУ басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Сыдықов өз кезегінде қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі міндеті – өзекті мәселелерді шешу, университет қызметін жақсартуға қатысты студенттерден, оқытушылардан және қызметкерлерден кері байланыс алу екенін атап өтті.

«Басты мақсат – білім алушыларды, қызметкерлерді, ата-аналарды алаңдататын мәселелерді жыл­дам шешу, университетті дамытуда олардың пікірін, идеяларын және ұсы­ныстарын ескеру. Мем­лекет басшысы «тыңдайтын мемлекет» тұжы­рымдамасы аясында қоғам­мен «байланыс көпірін» нығайту қажет­тігіне баса назар аударды. Бұл бағытта жаңа форматтағы қоғамдық қабыл­дауды ашуды ұйғардық. Соның нәти­жесінде, қоғаммен өзара байланыстың тиімді және көпшілікке ыңғайлы жолдарын дамытуға тырысамыз», деді ректор.

Қоғамдық қабылдау бөлмесіне студенттер де, университет қызметкерлері де университеттің жұмысын жақсарту бойынша өз ұсыныстарымен жүгіне алады. Бекітілген кесте бойынша офлайн қабылдауды ЖОО басшылығы жүргізеді. ЕҰУ қоғамдық қабылдау бөлмесінің ашылуында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылған еліміздің жоғары оқу орындарымен бейнеконференцбайланыс өткізді.