Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін көрші ел азаматтарының жаппай өзге елдерге өте бастағаны белгілі. Соның ішінде басым бөлігі Қазақстан шекарасын кесіп өтті. Қазір елімізге келген ресейліктердің саны жөнінде түрлі дерек айтылып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, елімізге 200 мыңнан астам РФ азаматы келген. Осыншама адамның келуі ішкі нарыққа әсер етпей қоймайды. Біз екінші деңгейлі банктерге хабарласып, тосын миграцияның әсері жайлы сұрадық.
«Altyn Bank» АҚ баспасөз қызметі еліміздің «Банк және банк қызметі туралы» заңына сәйкес клиенттер және олардың банк өнімдеріне, ақша аударымдары мен төлемдері бойынша банк операцияларына қатысты ақпараттарды жарияламауға құқылы екенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта «Altyn Bank» Қазақстан Республикасының резидент емес жеке тұлғаларына банк шоттарын ашпайды. Бұл санатқа Қазақстан Республикасы аумағында қызмет істейтін, ЖСН бар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық төлейтін компанияларға ресми жұмысқа орналасқан шетел азаматтары кірмейді. «Altyn Bank» Қазақстан Республикасының заңнамасына және Ұлттық банктің нормативтік талаптарына сәйкес шетелдік азаматтарға тиісті тексеру жүргізудің барлық талаптарын орындайды», делінген қаржы институтының жауабында.
«Jusan Bank» баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресей Федерациясы азаматтары тарапынан банк қызметіне сұраныс түсіп жатыр.
«Банк картасын ашу қажетті құжаттарды толық тапсырған кезде қолжетімді. 24 ақпаннан бері Ресей мен Беларусь елінен келген 3 мыңнан астам клиент тіркеліп, 11 мыңнан астам шот ашылды. Біздің банктен шот ашу үшін белгілі талаптар қойылады. Шетелдік паспорт, жұмысқа орналасуды/оқуды растайтын құжат, ЖСН бар құжат, тіркеу туралы куәлік (көші-қон), Халыққа қызмет көрсету орталығынан уақытша немесе тұрақты тіркеуді растайтын анықтама болуы қажет. Банк халықаралық төлем жүйелерімен түрлі сұрақ бойынша, оның ішінде Ресей Федерациясының азаматтары үшін карталарды ашу мәселесі бойынша үнемі байланыста. Заң талаптарын сақтау, қызмет көрсету сапасын арттыру, алаяқтық әрекеттерге жол бермеу, бақылау мен мониторинг сапасын арттыру бойынша екіжақты жұмыс жүргізіледі», делінген банк хабарламасында.
Сондай-ақ биыл наурыз айынан бастап Ресей азаматтарының көп келуіне байланысты рубльмен қолма-қол операциялар айтарлықтай артқан.
«Шетел валютасын елден тысқары жерлерге шығаруға тыйым салуға байланысты екінші деңгейлі банктердің көпшілігінде, оның ішінде «Jusan Bank»-те де үлкен көлемдегі қолма-қол рубль жинақталды. 2022 жылдың шілдесінде Ұлттық банк Ресей Федерациясына қолма-қол рубльді шығаруға уақытша рұқсат берді. Бұл орын алған жағдайды айтарлықтай жақсартуға көмектесті. Қазіргі уақытта қолма-қол рубльдің үлкен ағыны байқалмайды», дейді банк баспасөз қызметі.
Банк өкілдерінің айтуынша, тұруға ықтиярхат алған азаматтардың Қазақстан Республикасының басқа да азаматтары сияқты қаржылық қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар, яғни несие рәсімдеуді қоспағанда, депозиттер ашуға, аударым операцияларын және сейфтік депозитарийді пайдалануға болады. «Осыған байланысты банктің клиенттік базасының артуы транзакциялық бизнестің өсуіне әкеледі. Бұл өз кезегінде нарықтың барлық қатысушыларына қызықты», деп жауап берді қаржы институты.
Ал жыл басынан бері «Jusan Bank»-тен Украина азаматтары 190-нан астам шот ашып, 60-тан астам клиент тіркелген.
Біздің сауалдарымызға жауап берген «Nurbank» те қазіргі уақытта банктің айырбастау пунктері арқылы Ресей рублін сатуда өсім байқалмайтынын айтады.
«Алайда 2022 жылдың 21-28 қыркүйегі аралығында банктің кейбір филиалдарының кассасында қолма-қол рубль көлемі алдыңғы аптамен (14.09-20.09) салыстырғанда орташа 21 пайызға өсті. Кассалардағы қолма-қол рубль көлемінің ұлғаюы халықаралық ақша аударымдары шеңберінде ақшаны қабылдауға байланысты болды», делінеді банк жауабында.
Өз кезегінде бұл қаржы институты Ресей мен Беларусь азаматтарына шот ашуда бірнеше талап қояды. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжат (шетел азаматының паспорты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, егер бейрезидент қандас болса онда қандас куәлігі) немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартқа сәйкес жеке басын куәландыратын құжат деп танылған өзге де құжат; клиенттің салық төлеуші ретінде тіркелу фактісін және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру фактісін растайтын салық органы берген құжат; Қазақстан Республикасында тұрақты және уақытша тұруға рұқсат берілгенін растайтын құжат.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, 3 қазаннан бері Ресейден Қазақстанға ағылған көш біршама саябырсыған.
«Мысалы, РФ-ның 7 мыңнан астам азаматы біздің елге келсе, 11 мыңға жуығы кетіп қалған. Келгендер кетіп жатыр. Барлық мәселе миграциялық бақылауда. Шекарадан өту кезінде екі тараптан да ешқандай кедергі жоқ», деді министр.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, 21 қыркүйектен қазірге дейін 70 мыңға жуық ресейлік ЖСН алған.
«Жеке сәйкестендіру нөмірі резидент еместерге банк картасын алу үшін ғана емес, сонымен қатар бұзушылықтарды тіркеу үшін де беріледі. Біз үшін ел ретінде олардың қандай да бір заң бұзу әрекеттерін, келуін, тіркелуін бақылап отыру маңызды. Сондықтан да ЖСН беріліп жатыр. Яғни біз оларды қадағалай алуымыз үшін нөмір барлық деректер қорында тіркеледі», деп түсіндірді министр.