• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қазан, 2022

Азаттық декларациясы

1562 рет
көрсетілді

Биылдан бастап Республика күні ұлттық мерекеге айналды. Күнтізбеден 25 қазан көзге оттай басылып, азаттықтың лебі ескендей сезілетін. Иә, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданып, бұл құжат ел тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды.

Ұлттық һәм ұлық мереке

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші жиынында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлт­тық мереке мәртебесін қайтаруды ұсы­намын. Сондықтан қазанның жиыр­ма бесі күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні ел­дің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әри­не, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақ­та­лады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағ­зым күні ретінде атап өтілуі керек», деген болатын. Осылайша, ел Президенті биыл 29 қыркүйекте 25 қазанды ұлттық мереке ретінде бекіту туралы заңға қол қойды.

Тарихқа көз жүгіртсек, бұл мейрам 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде тойланып келді. 2009 жылдан бастап Республика күні атаулы күндер қатарынан түсіп қалғаны белгілі. Енді, міне, биылдан бастап Республика күні қайтадан айрықша тойланатын болды!

Тарих демекші, «Егемен Қазақстан» газетінің «шаң басқан» архивтерін ақтара отырып, 1990 жылы жарыққа шыққан нөмірлерін қолға түсірдік. 25 қазан күні қабылданған тарихи құжат туралы, одан кейінгі уақытта еліміздің саяси өмірінде орын алған оқиғалар жайында оқып, қанықтық.

Сол уақытта «Социалистік Қазақстан» деген атаумен жарық көрген газеттің 26 қазандағы (жұма) нөмірінің алғашқы бетінде: «Кеше, 1990 жылғы 25 қазанда, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сес­сиясы Қазақ Советтік Социалистік Рес­публикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Егемендігің, құтты болсын, елім!» деп жазылған.

Болашаққа бағдар

Әрине, маңызды құжат бір күнде қабыл­данған жоқ. Мұны сол күнгі нөмірде жарияланған «Егемендік ел үміті еді» деген мақаладан аңғаруға болады. Газет тілшілері сессия күнделігінен ақпа­рат таратыпты. «Сессияның алғашқы күн­дерінде декларацияның негізгі жобасы талқыланып, оған балама негізде «Де­мократиялық Қазақстан» депутаттар тобының жобасы ұсынылғанын білесіздер. Соған орай депутаттардан ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен пікірлер мен ескертулерді декларация жобасына енгізу жөнінде арнайы комиссия құрылып, ол депутат Салық Зимановтың басшылығымен бір аптадан астам жұмыс істеген болатын. Міне, сол комиссия жұмысының қорытындысында толықтырулар енгізілген декларация жобасы тағы да қызу талқыға түсіп, депутаттар оған мұқият қарады. Парламент мүшелері декларацияның әрбір сөйлеміне, сөзіне жете мән беріп, тоқталып, айтылған ұсынысты сол бойда дауысқа салып отырды», делінген мақалада.

Аталған мақалада Қазақ ССР Жоғар­ғы Советінің депутаты Алтыншаш Жаға­но­ваның пікірі беріліпті: «Республикамыздың егемендігі туралы мәселеге келгенде парламент мүшелерінің оған енжар қарамай, қызу пікірталас туғызуы, тіптен баламалы декларация жобасын ұсынуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, қабылданғалы отырған Қазақ ССР-інің егемендігі туралы декларация жобасы біздің халықтығымызды айқындап, болашағымызды бағдарлап бермек. Яғни бұл – біздің республикамыздың еге­мендік алу жолындағы бағдары. Алайда «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобы декларациясының негізгі жобасындағы ойларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызу қандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені тым асқақтаушылық. Бұл тарихты бұрмалау. Әрине, мен «Демократиялық Қазақстанды» қалайтындардың бар­лық пікірлерін жоққа шығарып тұр­ған жоқпын. Оларда республика келе­шегін ойлаған келелі пікірлер де бар. Сон­дықтан да негізгі жобаны қайта қара­ғанымыз, толықтырулар енгізгеніміз дұрыс болды ғой деп ойлаймын. Арнайы комиссия құрылып, баламалы жобадағы ұсыныстарды ғана емес, жалпы жұртшылықтан түскен барлық пікірлерді ескеріп, бүгінгі талқылап отырған декларацияның толықтырылған жобасын ұсынуы – Жоғарғы Советтің үлкен ісі деп бағалаймын. Бұл жоба барлық Қазақстанда мекендеген халықтардың мүддесін толықтай қанағаттандыруды көздеген. Сондықтан, республикамыздың бүгінгі тынысына, мақсатына сай келеді деп ойлаймын».

Сол кездегі халық қалаулысы, ақын Қадыр Мырзалиев те өз ойын білдірген екен: «декларация жобасының әрбір сөйлемі, тіптен сөзіне мән беріп, талқыға салуымыздың өзі депутаттардың респуб­лика егемендігіне енжар қарамайтынын көрсетіп отыр. Алайда, кейбір елдігімізге, егемендігімізге пайдасы тие қоймайтын пікірлердің белең алуы кім-кімге де тиімді бола қоймас. Егемендік егеспен келмейді. Қайта ол біздің республикамыздағы бар­лық ұлттардың ынтымағы, бірлігі арқасында ғана келеді. Сонда ғана біздің республика экономикасы, мәдениеті гүлденген елге айналмақ. Ел болашағын ойламай, тек өзінің бүгінгісін ойлаған депутаттарға тоқтау салайық.

1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көп ұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи декларацияны қабылдады!».

Ерекше маңызды құжат

Басылымның 28 қазандағы (жек­сенбі) нөмірінің алғашқы бетінде Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декла­рацияның толық мәтіні жарияланған. Кіріспесінде: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, жалпыға бірдей адам праволары декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекет құруды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы декларацияны қабылдайды».

Маңызды құжат 17 бөлімнен тұрады. Онда мемлекетті сақтау, нығайту, шекара мәселесі, көші-қон, құқықтық құжаттар, валюта айналымы, ядролық қарудан бас тарту, жер мәселесі, егемендіктің символдары сияқты ең негізгі жұмыстар тәптіштеп жазылған.

Газет бетінде халық депутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Салық Зимановтың «Ерекше маңызды құжат» деген мақаласы жарияланған: «Біздің республика өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын соңғылардың бірі болып қабылдады. Мұның өз артықшылықтары мен кем­ші­ліктері бар еді. Басқа республикалардың тәжірибелерін ескеруге және олардың декларацияларындағы ұтымды әрі бағалы нәрселерді алуға, өзіміздің тарихи шешімімізге ойлы көзбен, қызбаланбай қарауға мүмкіндік мол болды. Бұрын Совет Одағында осындай саяси құжатты қабылдау практикасы болмағанын ескерген жөн... декларацияның нормаларын, әсіресе жеке адамның праволары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ету, жалпы адамзаттық игіліктерді азаматтардың сана-сезіміне ұялату, Қазақстанда тұратын адамдар мен ұлттардың өзара қатынасына енгізу жөніндегі нормаларын іске асыруды кешеуілдетпей бастау керек».

Азаттық жолында ел басынан өткен небір дүрбелең кезеңдердің жеңісі мен жемісі 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған декларациядан бастау алды десек жөн шығар. Ұлттың қамын жеген азаматтар маңызды құжаттың қабылдануы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп, тер төкті. Қарсылық танытқандардың қарасы көп болғанымен, «елім деген» ержүрек азаматтар Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасын қалап берді. Сондықтан да маңызды датаның ел тарихындағы салмағы зор. Ме­рекені атап өту бір бөлек, оны қастерлеп, азаттығымыз бен еркіндігімізді бағалап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына күш жұмсау маңызды.