• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2022

Ботаник болуды армандайтын балалар

427 рет
көрсетілді

Табиғат пен өсімдіктер әлемін кітап­тан оқыған бір бөлек. Деген­мен айналамыздағы ғажайып жа­ратылысты өз көзіңмен көріп, сезінгенге не жетсін?! Бірақ бүгін­гі баланың екі көзі табиғатта емес, қолындағы гаджеттерде бол­ған­дықтан, өскелең ұрпаққа мектептен бастап ғылымды дәріптеу, зерделі балаларды әу бастан танып, бағалап, бағыттап отыру өзекті іске айналды.

Биыл наурыз айында Алматы қала­сындағы Бас ботаникалық бағының Бота­ника және фитоинтродукция инсти­тутының 90 жылдығына орай, мектеп оқушыларын ғылымға тарту үшін «Жас ғалымдар мектебі» (Young Citizen Scientist) жобасы қолға алынған болатын. Осы жобада өзін танытқысы келген балалар үшін байқау ұйымдастыры­лып, 14-17 жас аралығындағы 40 оқу­шы ірік­телініп алынған еді. Бұл балалар жазғы дема­лыста өз бағыттарын таң­дап, Бота­никалық бақ зертханаларында тәжіри­беден өтіп, кәдімгі ғылыми қыз­мет­керлердің рөлінде өздерін сынап көру­дің тамаша мүмкіндігіне қол жеткізді.

Осы бастамаға ұйытқы болған Алма­ты­дағы АҚШ Бас консулдығының БАҚ, мәдениет және білім мәселелері жө­ніндегі кеңісшісі Ананд Кришна бұл тәжі­рибе балалардың қаладағы эко­ло­гия және қоршаған ортаны қорғау мәсе­лелері туралы хабардарлығын арт­тыруға жол ашып, ғылыммен айналысу мүмкіндігін де қамтамасыз етеді деп есептейді.

«Біздің жобамыз экологиялық дүние­таным­ның, экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің қалыптасуына ықпал етеді. Оған қоса жобаға қатысушылар арнайы білімдері мен дағдыларын іс жүзінде қолдана алады деп үміттенеміз», дейді жобаға тартылған «Шеврон» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Жанар Қошпанова.

Ал тамаша бастама жайлы балалар­дың өзі не дейді?

Жаз бойы балалар институттың әр­түр­лі зертханаларының ғылыми қыз­­­меткерлері дайындаған бағдарла­малармен жұмыс істеп, тұқым шаруа­шы­лығы, микология және альгология, тропикалық және субтропикалық өсімдіктер тақырыптарымен айналысты. Фитопатолог Мәдина Измайлованың жетекшілігімен фитопатология мен энтомология негіздерін, қауіпсіздік техникасы ережелерін зерттеді. Табиғаттағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін өсімдіктерді зиянкестер мен аурулардан қорғау дағдыларын пысықтады. Ботаникалық бақтағы тәжірибелік сабақ­тар барысында балалар ауру өсімдіктер мен зиянкестерді анықтап, материалдар жинап, гербарий материалымен жұмыс істеуді үйренді. Жәндіктердің жеке коллекцияларын жасады.

Аталған жоба аясында HelloEco ком­­паниясы қоқысты бөліп жинау мен саналы тұтыну туралы дәрістер сериясын өткізіп, Zero Waste қоғамдық қоз­ғалысы «нөлдік қалдықтар» тұжы­рымдамасымен таныстырды.

Айтқандай, жобаға арнайы қонақ ретінде АҚШ-тан балалар жазушысы және эколог-педагог Эрин Робертсон келгенін айта кету керек. Ол үш күнін Ботаникалық бақта жас ғалымдармен бірге өткізіп, қоршаған әлемді бақылау мен әдеби дағдыларды біріктіретін өзі қалыптастырған ерекше жазу әдісімен таныстырды. Эрин Робертсон «жақсы ғалым дайындау үшін біз жақсы жазушылар мен ынталы адамдарды дайындауымыз керек» деген тұжырымға сенеді.

Ал балалардың «Жас ғалымдар мек­тебі» жобасы туралы әсерлерінің бір парасы төмендегідей.

Ерсұлтан Тоқтамысов,

11-сынып оқушысы, Астана қаласы:

– Бағдарламаға қатысу үшін ұсы­ныл­ған тақырыптардың біріне эссе жазу керек болды. Мен «Өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғау» тақырыбын таңдадым. Себебі бұл – қазіргі әлемдегі жаһандық мәселе.

Марк Шкловский,

11-сынып оқушысы, Алматы қаласы:

– Кішкентай кезімнен басқа бала­лар­дың қорқынышын тудыратын энтомо­ло­гияға, жәндіктер туралы ғылымға әуес едім. Біраз уақытқа дейін жәндіктер бас­қа­лар үшін қызықты емес шығар деп ойлап жүрдім. Осы Young Citizen Scientists туралы естіп, балалық шақтағы арманымды іске асыра алатынымды түсіндім! Бұған дейін назар аудармаған өсімдіктердің аурулары туралы көп нәрсе білдім, енді емен туралы толық мағлұматтар жазып, симптоматология арқылы оған қандай ауру әсер еткенін анықтай аламын.

Милана Калишук, оқушы:

– Мен тіл үйренуден басқа, биоло­гияны жақсы көретінмін. Ботаника пә­ні­не деген сүйіспеншілігімді ұстазым оятты. Бос уақытымда өсімдіктер өсі­румен айналысамын, кішігірім ғылы­ми сынақтар жүргіземін. Қазір кез келген өсімдіктің қай жерде және қандай жағдайда жақсы өсетінін түсіну үшін шағын экожүйелер жасап жүрмін.

 

АЛМАТЫ