• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қазан, 2022

Жас оқырман олжасы

327 рет
көрсетілді

Бала табиғатын танып, кішкентай жүректің лүпілін сезінуге шақыратын кең тынысты шығармалар жазу кез келген қаламгердің оңтайына келе бермейді. Жас оқырманға арналған кітаптардың сиреп кетуінің бір себебі де осы. Бала – тұнық әлем. Олардың жүрегіне жол табу үшін қаламгерге жан тазалығы керек. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Шәмшабану Хамзақызының балаларға арналған туындылары періште көңіл оқырман үшін үлкен олжа.

Алматыдағы Ұлттық кітапханада қа­­ламгер-ұстаздың «Шамшырақ» деп атал­­ған жаңа кітабы таныстырылып, игі шара автор мен жас оқырман ара­сын­­дағы жылы жүздесуге ұласты. Қалам­гердің «Қазақ балалар әдебиетінің бас­тауы: Бесік жырлары» атты ғылыми ең­бегі 2002 жылы Қытай елінде өткен «Дүниежүзілік таңдаулы шығармалар» байқауында жеңімпаз атанғанын әдеби қауым жақсы біледі. Содан бері үздіксіз ізденіс үстінде келе жатқан автор бала­ларға арналған шағын ертегілер, жұм­бақтар, өлең түріндегі ойындар жазып, кішкентай оқырманның ой санасын жетілдіру жолында еңбектеніп жүр. Балалар ұғымына сай, жаттауға жеңіл, ой-танымға жетелейтін «Мысық», «Қоян», «Аспан ата», «Тыныс белгілері», «Бес мүше» өлеңдері мен жұмбақтары, «Екі бақа», «Бұғының өкініші», «Шегедек, «Тазша бала» ертегі аңыз-дастанда­рын кездесуге келген өрендер автормен бірге талқылады. Бала қамы баршаға ортақ деген жазушының ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі ұстанымдары көңілге ой салады.

– Қазақ өз ұрпағын қашан адам болар екен деп армандайды. Ал адам болудың шарты неде? Ол туралы Абай: «қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», деп жауап береді. Демек адам болу үшін баланы бастан тәрбиелеуге баса мән беру қажет. Ұлы педагог Мака­ренко: «баланы негізінен алғанда бес жасқа дейін дұрыс тәрбиелемесеңіз, оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу бірден тәрбиелеуге қарағанда әлдеқайда қиынырақ», дейді. Өмірге енді келіп тілі шыққан бала дүниенің сырын тез ұққысы келеді. Көзіне көрінгеннің бәрін сұрап, аспан, ай, күн, жұлдыз бәрін білуге құлшынады. Бұған ерінбей, жалықпай қысқа да нұсқа жауап беріп тәрбиелеуіміз керек. Балдырғандарды әу бастан-ақ өнер-білімге жетелеп, өмір­ден сауат беретін ертегілер мен аңыз-әңгімелер, хайуанаттар дүниесі, табиғат дүниесі туралы ұғындырып отырған абзал. Бүгінгі жеткіншектің талабы биік, талғамы жоғары. Осы орайда балаларға ұсынылған әрбір туынды – жазылған кітап, шығарылған анимациялық фильм, көркем фильм, қойылымдар аса жоғары деңгейде дайындалуы шарт, – дейді Шәмшабану Хамзақызы.

Балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні сараланған рухани сырласу кешіне Бауыржан Жақып, Зейнеп Ахметова, Жұмабай Біләлұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Ахмет Тоқтабай, Серік Қалиев қатарлы өзге де руханият жанашырлары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің, Абай университетінің, сон­дай-ақ Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясының студенттері қатысты.

Келелі кездесуде Шәмшабану Хамза­қызының рухани әлемі, балаларға арнап жазған шығармалары, қазақы құн­дылықтар мен ұлттық тәрбие төңірегін­дегі өзекті ойлары кеңінен талқыланды. Көпшілік Шәмшабану Хамзақызын қа­зақ халқының аяулы перзенті, тарихшы, ғалым, этногроф, ақын Зейнолла Сәнік­тің жары ретінде таниды. Сезім биігін­де табысып, ұлт руханиятына құстың қос қанатындай бірге жүріп сүбелі үлес қосқан ерлі-зайыптылардың өмір өне­ге­сі мен тағылымы көпке үлгі.

Шәмшабану Хамзақызы 1940 жылы Тарбағатай аймағы ІІІәуешек ауданын­да дүниеге келген. Ата-бабасының ата­қонысы – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылы. Ол – 1955-1959 жылдары Шыңжаң институтының әдебиет факультетінен білім алған. 1959-1962 жылдары Үрім­жі қалалық өнеркәсіп техникумында оқытушы, 1962-1970 жылдары «Шыңжаң жастар баспасында» редактор, 1970-1978 жылдары Бұратала облысының Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 жылдары Үрімжі қалалық 14-орта мек­тептің оқытушысы, 1984-1998 жылдар аралығында Шыңжаң Оқу-ағарту институтында әдебиет факультетінде оқытушы болып қызмет істеп, осы оқу орнынан доцент атағымен зейнеткерлікке шыққан.

Қытайда «Жауқазын», «Ғасыр тол­ға­ныстары», «Балаларға базарлық», «Ақжігіт-Айдай» кітаптары жарық көрсе, ата­жұртқа оралғалы «Арманның суырт­пағы» екі томдық шығармалар жинағы және «Сөз – кесте» кітабы оқырманға жол тартты. Қазірге дейін автордың өлең және зерттеу мақалаларын қамтыған 11 кітабы жарық көрген. Олардың денін өскелең ұрпақты рухани дамуға бағыттайтын туындылар құрайды.

«Бала – елдің болашағы» дегенді көп айтамыз. Бұл сөз жай ғана ұранға айналмай, әдебиет пен мәдениетте, ұрпақ тәрбиесінде көрініс табуға тиіс. Жеткіншектерді кітап оқуға баулу, олар­ға арнап өміршең туындылар жазу жауап­ты іс. Балалар әдебиетін қолдау жылы аясында ғана емес, балдырғандар әлемін баурайтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсе игі. Себебі бұл – болашаққа жасалған байыпты қадам.

 

АЛМАТЫ