• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2022

Кәсіподақ өкілдерімен кездесу: Сенім нығая түсті

177 рет
көрсетілді

«Адамдар – Өзеннің жаңа мұнайы». Жаңаөзен қаласының кәсіподақ өкілдері Ақмола облысының Зеренді демалыс аймағында дәл осы тақырыпта өткен жиында бас қосты. Келелі кездесуде мұнайшылар «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­пания­сының басшылығымен жолығып, түйткілді мәселе­лердің түйінін тарқатты.

«ҚазМұнайГаз» бастамасымен кәсіби біліктілікті арт­тыру тренингі ретінде өт­­кен екі­ күндік жиында кә­сіподақ ұйымдарының бел­­сенділері ҚМГ басшы­лы­ғына «Өзенмұнайгаз» ком­па­ниясындағы өзекті мә­селелер жайлы баяндап, оны шешу жолдары мен жергілікті тұр­ғындардың әлеуметтік жағ­дайын жақсарту бойынша ұсы­ныстарын ортаға салды. Әңгіме барысында өндіріспен қатар, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін, еңбек пен тәртіп өнімділігін арттыру секілді тақырыптар да қозғалды.

«Біздің басты байлығымыз мұнай емес – адамдарымыз. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілігін арттыру, білімін тереңдету, басын біріктіріп, ауызбіршілігін нығайту – ком­панияның басты міндет­терінің бірі. Біз бетпе-бет жүздесіп, өзекті мәселелерді ашық талқылап, сенімді диалог орната білдік. Мұндай еркін, бейресми кездесулерді тұрақты түрде өткізетін боламыз», деп атап өтті ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

Тұмса табиғатымен мақ­танатын Зерендіде өткен екі  күндік жиын ұлттық компания басшылығы мен жұмысшылар арасындағы диалогті одан әрі нығайтуға, сенім мен ашықтыққа негізделген бай­ланыстың беки түсуіне мүм­кіндік берді. Бұл туралы кездесуден кейін «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлес­тігінің №1 мұнай-газ өндіру басқармасының кәсіподақ өкілі Әлібек Сәрсенов баяндап берді.

«Дәл осындай бейресми жолдастық кездесулер адамдарды шынымен жақындастырады. Бүгінгі жиынның нәтижесінде, «ҚазМұнайГаз» басшылығы мен Жаңаөзен қаласының кәсіподақ өкілдері түйткілді мәселелерде ортақ келісімге келіп, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Ал тренингке келер болсақ, еңбек жанжалдарын тиімді шешудің жаңа дағдыларын игеру тұрғысынан құнды ақпарат алдық», деді жаңаөзендік маман.

Семинар соңында кәсіподақ өкілдері Жаңаөзен қаласынан 50 оқушы білім алып жатқан High School of Burabay мектеп-интернатына барды. Оқушылар жерлестерін үлкен ықыласпен қарсы алып, Бурабай курортында орналасқан еліміздегі ең таңдаулы мектептердің бірінде оқу туралы әсерлерімен бөлісті.

Биыл «Жарқын болашақ» жобасымен жаңаөзендік оныншы сыныптың 50 оқушысы мектеп-интернатына оқуға түскен болатын. «Өзенмұнайгаз» АҚ бастамасы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. Жоба бойынша Жаңаөзен қаласының дарынды балалары еліміздің үздік арнаулы орта білім беру мекемелерінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Екі күндік кездесуге ӨМГ бас директоры Мақсат Ибағаров, ӨМГ құрылым басшылары, кәсіподақ төрағасы мен 10 мың мүшесі бар «Өзенмұнайгаз» кәсіподақ ұйымдарының көш­­басшылары, сондай-ақ «ҚазГӨЗ» ЖШС кәсіподақ төр­ағасы қатысты.