Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда қатынасы шарықтап та кеткен емес, кенжелеп те қалған жоқ. Әртүрлі кезеңдегі сан қилы оқиғаларға байланысты орта деңгейлі байланысты ұстап келеді. Соңғы жылдары екі ел басшылары өзара сауданы арттыру жайлы жиі сөз қозғай бастады. Екі ел арасындағы ендігі меже – тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу.
2022 жылы қыркүйектің басында елдер арасындағы сауда процедураларын жеңілдетуге уағдаласқан еді. Тараптар өзара тауар айналымын арттыру мақсатында Қырғызстаннан Қазақстанға ерте пісетін жемістер мен көкөністерді жеткізуге мүдделі. Finprom сарапшыларының жазуынша, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ішінде Қырғызстан Қазақстаннан жеткізілген өнеркәсіптік және тұтынушылық тауарларды тұтыну бойынша Ресейден кейінгі екінші орындағы ел саналады.
«Тек былтырдың өзінде Қырғызстан мен Қазақстан өзара тауар айналымын 1 млрд доллардан арттыра алды. Биыл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қос тараптың сауда айналымын 2 млрд долларға жеткізуге келіскендерін жеткізді. Еуразиялық экономикалық комиссия дерегі бойынша, Қырғызстанның ЕАЭО елдерімен өзара жиынтық сауда көлемі 2021 жылы 4,9 млрд долларды құрады. Соның 1,1 млрд доллары немесе 21 пайызға жуығы Қазақстанмен сауда қатынасына тиесілі. Бұл ретте Қырғызстаннан Қазақстанға экспорт 2020 жылмен салыстырғанда 35 пайызға төмендеді, ал Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт керісінше, 2,5 есе өсті», деп жазды Finprom.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел де өзара экономикалық байланысты нығайтуға ерекше мүдделі болып отыр.
«Бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 млрд долларға жеткізуге келістік», деген еді Мемлекет басшысы биыл Астанада өткен екі ел басшыларының кездесуінде.
2021 жылы Қазақстан Қырғызстаннан 376 млн доллардың тауарын импорттап, 675 млн доллардың тауарын экспорттаған. Қырғыз елі бізге негізінен минералды өнімдер (тауар айналымының 42 пайызы), жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер (19 пайыз), химия өнімдері (8 пайыз) және металл тасымалдайды. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстаннан Қырғызстанға жөнелтілетін өнімдер әлдеқайда әртараптандырылған және оның құрамы тамақтану (жалпы айналымның 28 пайызы), мұнай мен газ (20 пайыз), машина (18 пайыз), химия өнімдері (15 пайыз) және металлдан (8 пайыз) тұрады.
Еуразиялық экономикалық комиссия мәліметі бойынша, 2021 жылы экспортта 668 тауарлық позиция тіркелген. Соның ішінде ең көп экспортталғаны – жалпы құны 43 млн доллар болатын шлак пен күл. Өнеркәсіпте шлак пен күл бетонның кейбір түрлерін өндіру үшін қолданылады. Сондай-ақ одан металл қоспалары алынады. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығында күлдің тыңайтқыш ретінде де пайдаланылатынын айта кеткен жөн. Экспорттағы екінші және үшінші орындар – байланыс құралдары (40 млн доллар) мен темекі өнімдеріне (38 млн доллар) тиесілі болып шықты.