• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2014

Қазақ кітап қорына «Қазына» қосылды

467 рет
көрсетілді

VII Астана экономикалық форумы аясында өткізіліп жатқан форумдар мен конференциялармен қатар тағы бір ерекше шара өтті. Ол шара жаһандық энергетика, халық­­­­аралық саясат пен экономика салаларындағы сарапшы Дэниел Ергиннің «ҚАЗЫНА. Мұнай, ақша және билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты әлемдік бестсел­­лерінің қазақ тіліндегі басылы­мының тұсаукесері болатын. Тұсаукесер рәсімін ашқан «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов атақты америкалық автор Дэниел Ергиннің «Қазына» атты кітабының қазақ тілінде жарық көруі Астана экономикалық форумының ашылуымен тұспа-тұс келуінде өзіндік бір мән бар екенін айтты. Әлемге әйгілі ең­бектің аударылуы қазақша эконо­микалық әдебиеттің кәсіби тұрғыдан біліктілікпен жазылуы­на, бұл тақырыптағы термино­ло­гияның орнығуына игі әсер ететін­дігі анық. «Қазынаның» әлемдік бестселлер екендігі дау туғыз­байды, деді. Бұған дейін 17 тілге аударылған бұл туынды жайында 700-ден астам кітаптарда, мақалаларда, диссертацияларда әңгіме етіледі. Кітап бойынша жалпы көлемі 6 сағаттық деректі сериал түсірілген. Фильмді тек АҚШ-тың өзінде 20 миллион адам көріпті. АҚШ энергетика министрінің консультациялық кеңесінің мүшесі, Энергетика сала­сындағы стратегиялық зерттеулер жөніндегі арнаулы комис­сияның төрағасы болып табылатын Дэниел Ергин – халықаралық саясат, экономика мен қуат көз­дері мәселелерінде беделді тұлға. «Қазына» кітабы үшін автор Пулитцер сыйлығының лауреаты атанған. Бүкіл әлемде жур­налистика саласындағы ең беделді сыйлық Дэниел Ергин­ге осындайлық салмақты, осындай­лық ауыр тақырыпты өте шебер­лікпен, қызықты, тартымды етіп жаза алғаны үшін берілген. Тұсаукесерде сөз алған Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Д.Ергиннің форум жұмысына қатысып, кітап тұсаукесеріне қа­­тысуы үлкен абырой екендігін жет­кізе отырып, алғысын айтты. Энер­гетика жөнінде жаһандық сарап­шының көмегіне мұнай ерек­ше орын алатын елдер көме­гіне жүгінетінін атап өтті. Пост­кеңестік елдерде де белсенді қызмет атқаратын Д.Ергиннің Қазақстанда да бірнеше мәселелер бойынша кеңесші болғандығын жеткізді. «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін мұнай державасы атанды, осы уақыттан бастап мұнай өндіретін ірі 20 ел қатарына енді. Қазақ халқы да мұнай индус­триясында танымал бола бас­тады. Сондықтан бұл кітаптың мұнай шығарушы елдерде, соның ішінде қазақ тілінде де шығуы міндетті болатын. Осылайша міне, бүгін осы кітаптың авторы Д.Ер­гинмен бірге тұсаукесер өткі­зіп отырмыз. Бұл өте үлкен еңбек. Аудар­масын маңдайалды аударма­шылар тобы жасады. Олар осы кітаптың өте нәзік деген тұс­тарын орайлы сөздермен нақты бере алды деген ойдамын», деді ол. Танымал қоғам қайраткер­ле­рі, Парламент депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Ора­залин, белгілі тілші-ғалым Шеру­бай Құрманбайұлы кітап туралы пікірлерін ортаға салды. Кітап авторы алғысын айта отырып, Астанаға келгеніне қуа­ныш­ты екендігін жеткізді. «Маған «Қазына» атауы ұнайды, себебі, бұл кітап менің жеке қазы­нам. Сондықтан бұл кітапқа беріл­ген рецензиялардың ішіндегі ең жақ­сысы осы секілді. Ойлы сөздеріңізге, менің жазу өнеріме берген сипаттамаларға рахмет. Бұл кітапты қазақ тілінде жариялау Қ.Келімбетов мырза екеуміздің арманымыз болатын. 2-3 жыл бұрын басталған ой бүгін жүзеге асты. Сондықтан шын жүректен Қазақстанда қазақ тілі­н­де оқырмандарға жол тарт­қан­дығы үшін қуаныштымын», деді ол. Суреттеме сипатында бол­­­­ғандықтан кітап өте көлемді. Сон­дықтан аудармашыларға, бас­паға да ілтипатымды білдіремін. Кітапты мен өз қолыммен қалам­мен 7 жыл жазып шықтым. Егер қолмен емес, компьютерге те­ру ар­қылы жазсам бұдан да кө­­лем­дірек болар ма еді, деді Д.Ер­гин. Тұсаукесер рәсімін қоры­тын­дылай келе, Сауытбек Абдрах­манов Интернеттегі «Билл Гейтс: Мені ойландырған он кітап» деген материалдан осы кітап туралы «Бұл – ғажайып кітап. Мен оны оқуды энергетика мәселелеріне қызығушылық танытатын барша жұртқа табанды түрде ұсынар едім. Дэниел Ергин сізге өзіміз­дің энергетикалық болаша­ғы­мызды қалыптастыратын бү­кіл динамиканы да, көңілге аздап болса да оптимизм ұялататын инновация­­ларды да тамаша түсіндіріп береді» деп айтқанын алға тарта отырып, «Әлемдегі №1 миллиардер­дің сөзіне сенгеніміз дұрыс шығар», деп тұсаукесерді аяқ­тады.