Көмірлі шаһарға қарасты бірнеше елді мекен тірек ауыл мәртебесін ала алмай отыр. Қаланың ауылдық аумақтарында тұратын халық саны кейбір аудандағылардан да көп. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ілікпеген соң тұрғындар жауапты министрліктерден көмек сұрап отыр.
Өңірге жұмыс сапарымен келген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровқа жергілікті жұрт базынасын айтты. Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылындағы мәселелер ведомство басшысының назарына ілікті. Бүгінде ауылда 700 адам тұрады. Жергілікті мектеп, ауыл клубы мен көше жолдары тозып тұр. Оны жөндеу үшін қыруар қаражат қажет. Алайда мемлекеттік бағдарламаға ену үшін біраз қиындық туындап тұрған көрінеді. Бәйет қала маңында орналасқан ауыл саналады.
– Екібастұздың ауылдық аумақтарында 17 мыңнан астам адам тұрады. Біз қала мәртебесіне ие болғандықтан, ауылдарымыз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енбей отыр. Салдарынан өзге аудандардағы секілді жаңғырту жұмыстары бізде жоқ. 25 елді мекен ішінде біреуі тірек ауыл және тағы бірі спутниктік елді мекен саналады. Солнечный мен Шідерті кенттері аудан орталықтарындағыдай мәнге ие. Дей тұрғанмен бізде дамуы тірек ауылға сәйкес келетін ауылдар да бар, соларды қолдауды сұраймыз. Бүгінде жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын жобаларымыздың құжаты әзір тұр. Министрлік қолдап, қазынадан қаражат бөлінсе, ауыл тұрғындарының игілігі үшін көп жұмыс атқарылар еді, – деп өтінді қала басшысы Аян Бейсекин.
Ә.Қуантыров Бәйет ауылының тізімге ілігуге мүмкіндігі мол екенін жеткізді. Елді мекеннің болашағы зор, халқы көбейіп келе жатқаны байқалады. Өзге де ұсынылып отырған ауылдар қарастырылады. Қазақстан бойынша 3,5 мың тірек және серіктес ауылдар бар, ал барлық ауыл саны – 6,3 мың. Оның барлығына көмектесу үшін қыруар қаражат қажет. Сондықтан бөлінетін қаржы барлығына бірдей жететіндей тетіктер ойластырылады.
Бәйетте министр ауылдық мектеп пен Мәдениет үйіне бас сұқты. Онда жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ақсақалдар білім ордасы мен ауыл ішіндегі жолдарды жөндеп беруді сұрады.
Бұдан соң министр Екібастұздағы құрылыс алаңына барды. Былтыр қаланың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары әзірленген. Жүзден астам жобаны қамтыған жоспарда қалалық инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық және әлеуметтік мәселелер қамтылған. Кешенді іс-шараларды жүзеге асыру үшін 900 млрд теңге қажет екен, оның 90 пайызы жеке меншік салымдардан құралмақ.
«Бастапқыда ипподром аумағында бір-екі қабатты үйлер құрылысын жүргізу жоспарланған еді. Ол жерде барлық инфрақұрылым тартылған, 400-ден астам жер телімі бар. Алайда біз бұл жобалардан тиімділік көріп отырған жоқпыз. Құрылыстардың құны қымбат, сондықтан ертең оны сатуда қиындық туындайтыны сөзсіз. Сондықтан бұл жерде көппәтерлі тұрғын үйлер салу үшін қаланы кешенді дамыту бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынып отырмыз. Біздің қолымызда әрқайсысы бес қабатты 7 үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары бар, тағы 17 көпқабатты үй құрылысын жобалаудамыз», деді қала әкімі.
Екібастұз қаласында тұрғын үйлер құрылысы 2017-2020 жылдары қарқынды дамығанымен, соңғы уақытта республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың аздығынан бәсеңдеп қалды. Бүгінде шаһарда құрылысы жоспарланған 8 көпқабатты баспананың төртеуі толығымен аяқталды. Таяу күндері бесінші үй қолданысқа беріледі. Қалған үш үйдің құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса, олар арендалық баспана ретінде тұрғындарға үлестіріледі. Кешенді жоспарда бұл бағыт қамтылған. Егер республикалық деңгейде қаржылай қолдау болмаса, қаржы ұйымдарынан қарыз алынып, кейін баспаналарды несиелер желісі бойынша сатылымға шығаруға тура келеді.
Биылға белгіленген жоспарға сәйкес, 80 шараны жүзеге асыруға барлығы 190 млрд теңге қарастырылды. Оның 14 млрд теңгесі – республикалық бюджет. Жалпы сомасы 176 млрд теңгені құрайтын жеке инвестицияның қатарында МАЭС-1 стансасындағы №1 энергоблоктың жөндеуі, МАЭС-2 орталығындағы №3 энергоблоктың құрылысы, «Богатырь Көмір» кенішінде циклдық-ағындық желіні іске қосу сынды ірі жобалар бар. Ал келесі жылы кешенді жоспардағы 63 шараны іске асыруға барлығы 346 млрд теңге қарастырылды. Бұл ретте 25 млрд теңге мемлекеттік бюджеттен бөлінбек. Басым бөлігінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір.
Ал МАЭС-1 және МАЭС-2 стансаларына қарасты су қоймаларындағы балық шаруашылығын дамытуға қатысты бастаманы қаланың кешенді жоспарынан мүлде алып тастау ұсынылды. Мамандар шаруашылықтың мұндай түрінен дайындалған тамақ өнімі адам денсаулығына кері әсерін тигізеді деп санайды.
Сондай-ақ ведомство басшысы қаладағы темір жол дөңгелектерін шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС зауытын аралады. Биыл кәсіпорында 200 мыңға жуық бірлік өнім шығару жоспарлануда. Зауыт өнімнің 70 пайызын шетелге экспорттайды. Өндірісте 720-дан астам адам еңбек етеді. Министр өнеркәсіптік кәсіпорындар мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Олардың саны өсуі керек, импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету ел үшін өте маңызды. Бүгінде мұнда күніне 800 дөңгелек дайын күйінде шығады.
– Біз жүк вагондарының және метроға арналған вагондардың дөңгелектерін жасаймыз. Қазіргі ең басты мақсатымыз – еуропалық нарыққа шығу. Осыдан екі апта бұрын өнімдерімізді Берлинде өткен халықаралық көрмеде таныстырдық, – деді кәсіпорынның бас директоры Иван Дычко.
Зауыт жұмысымен танысып шыққан министр жергілікті өндірістің отандық экономиканы әртараптандырудағы маңызы жоғары екенін атап өтті.
Ә.Қуантыров сапарын Павлодар қаласында түйіндеді. Мұнда бірқатар нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесті.
Павлодар облысы