• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2022

Ақсу – мүмкіндіктер шаһары

182 рет
көрсетілді

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Ақсу қаласында айқын сезілуде. Шаһар әкімдігі және Eurasian Resources Group (ERG) бастамасымен қолға алынған «Tugan Qala» жобасының аясында жыл басынан бері қалада жаңадан 16 инфрақұрылым пайда болды. Оны жүзеге асыруға компания 80 млн теңге жұмсаған.

Ақсуда қатарынан екінші жыл жүзеге асырылған «Tugan Qala» бағдарламасы тұрғын­дар­ды қаланы көркейтуге жұмыл­ды­руды көздейді. Тетігі өте қара­пайым: тұрғындар арнайы пор­талда өз жобасын ұсынады, одан соң дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын үздік жобаларды анықтайды. Оған қажетті қаражат ERG мен Павлодар облысы әкімдігі арасында жыл сайын жасалатын меморандумда қарастырылған. Былтыр же­ңім­паз деп танылған 16 жоба биыл іске асырылды.

Атап айтқанда, мұнда жаңа­дан балалар және спорт алаң­дары, жаяу жүргінші жолдары, көлік және велотұрақтар, аялдама павильоны мен қоғамдық әжетхана салынып, қайық стансасы мен қалалық жағажай абат­тан­дырыл­ды. Әсіресе жаға­лау осы жазда адам танымастай өзгерді. Тұр­ғын Максим Дун­ду­ков ұсын­ған жоба арқылы Ертістің арнасы тазартылды. Бұл істе ЕурАзия энер­ге­ти­ка корпорациясы көмек қолын созды. Балшық сорғыш кеме беріп, құм тасып, ағаш тапшандар мен шайынатын кабиналар орнатты.

Ал Асыл Әміровтің жоба­сы­ның нәтижесінде жағажай аума­ғы инклюзивті сипат алды. Арбаға таңылған жандар бұрын жаға­жайға сирек келетін. Енді жағдай өзгерді.

– Мүмкіндігі шектеулі адам­дар үшін жағажайға келіп, қыз­ды­рынып жатуына мүмкін­діктер қарастырылмаған еді. Арбада отырған қала тұрғын­да­рының лайықты демалысына жағдай тудыру керек екенін жобамда көрсеттім. Оның үстіне бұл үшін көп дүние қажет емес еді, жолдар мен шезлонгтер алаңын жабдықтап, суға қарай еңіс жасаса жетіп жатыр. Біз бұл мүм­кіндіктерді іске асырдық. Со­ны­мен қатар қауіпсіздік үшін қоршауы бар қосымша аймақ қа­рас­тырдық, – дейді жоба авторы Асыл Әміров.

Құпталып, өміршең етілген жоба авторларының басым бөлі­гі – ERG кәсіпорындарының қызметкерлері. Ақсу ферро­қо­рыт­па зауытының директоры Валентин Чичихиннің сөзіне қарағанда, осының бәрі кезінде Инноваторлар форумындағы «әлеуметтік жобалар» бағытынан басталған. Бүгінде ол еліміздің бес қаласында жүзеге асырылатын «Tugan Qala» деп аталатын тұтас бағдарламаға айналды.

– Біздің сәулетті шаһа­ры­мыз­да белсенді, қала өміріне бейжай қарамайтын адамдар тұратыны қуантады. Компания көп­шіліктің ынтасын жақсы түсі­ніп, тұрғындардың өздері таң­дау жасайтын жобаларға мұ­рындық болғаны көңілімізді мар­қайтты. Бұл – «Tugan Qala» жобасының алғашқы қарлығаш­та­ры, мұндай жобалар әлі де көбейетініне сенімдімін, – дейді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов.

Қазір металлургтер ша­һа­рын­да «Tugan Qala» жоба­сы­ның екінші маусымы өтіп жатыр. Үз­дік бастамаларды анықтау үшін қала тұрғындары дауыс бе­ру­ді бастап кетті. Жеңімпаз жо­балар 2023 жылы іске асырылады. Компания бір Ақсудың өзіне 100 млн теңге бөлмек.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы