Өмірге бір мезетте үшемнің келуі – Жаратқанның сыйы. Бір қозы артық туса, бір түп жусанның артық өсетінін жақсылыққа балайтын халқымыз шаңыраққа іңгәләп бір сәби келсе де ерекше қуанады. Ал үшемнің жөні тіптен бөлек. Биылғы жылдың басында Атырауда бір аптада осындай екі оқиғаның болғанын қуана хабарлаған едік. Сол үшемнің бірін Айнұр Жұмашева жарық дүниеге әкелді. Бұған дейін отағасы Медет Тайтақбаев екеуі үш ұл баланың қызығына бөленіп отыр екен. Сөйтіп, бір күннің ішінде бұл отбасы көпбалалы болып шыға келді. Қазір осы отбасындағы баланың үлкені екінші сыныпты бітіреді, одан кейінгісі бірінші сыныпты аяқтағалы отыр. Ал үшінші бала екі жарым жастан енді асып барады.
Қазақтың бір отбасын көпбалалы үйге айналдырған үшемге Аман, Есен, Жүрсін деген есімдер беріліпті. Олардың әкесі Медет ішкі істер департаментінде жұмыс жасайды. Ал анасы босанғанға дейін халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы болыпты. Екеуінің де Атырау қаласында басыбайлы баспанасы жоқ. Тұрғын үй алу кезегінде тұр. Нақтылай айтсақ, Айнұр Жұмашева бұл тізімге 2011 жылдың 2 тамызында тіркеліпті. Бірақ пәтер алу кезегі әзір келер емес. Бұл күндері Медет пен Айнұр алты баласымен қуықтай ғана бөлмесі бар уақытша жеркепеде тұрады. Оның бір бөлмесінде сегіз жан қаздай тізіліп жатады, енді бір бөлмесінде тамақ ішеді. Атырау қаласының шетіндегі «Жұлдыз» шағын ауданындағы жеркепе Медеттің анасы Болған Оразқызының атына берілген телімге салынған.
Жақында осы үшемнің Исатай ауданының Исатай ауылында тұратын атасы Әліп Тайтақбаев «Егеменнің» тілші қосынына телефон шалды. Дауысынан сәбилердің денсаулығына алаңдаушылығы аңғарылып тұрды.
– Келінім үшемді өмірге әкелгенде, төбеміз көкке жеткендей қуандық, – дейді Әліп Тайтақбаев. – Бір қинайтыны – бала-келінім баспанаға мұқтаж. Алты баламен жеркепеде тұру өте қиын. Әсіресе, әлі бұғанасы бекімеген үшемнің бірі – Жүрсіннің сырқаты алаңдатып отыр. Қазір әйелім Болған сол сәбимен бірге облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
Үшемнің әкесі Медет тілші қосынына арнайы келді. Оның айтуына қарағанда, дәрігерлер тарапынан сәбилерге немқұрайды көзқарас байқалатын секілді. Нақтысында үшемнің бірі – Жүрсін жарық дүние есігін ашысымен вакуумға салынбапты. Ал қазіргі сырқатын дәрігерлер әлі анықтай алмай отыр.
– Дәрігерлердің өз жұмысына салғырт қарайтынына бірнеше мысал келтіре аламын. Әйелімді облыстық перзентханада босанғаннан бірнеше күн бойы балаларынан оқшаулап тастады. Оған әйелімнен өкпе ауруының белгісі табылғаны себеп болыпты. Перзентхана дәрігерлерінің бұл диагнозы төбемізден жай түсіргендей болды. Бұған сенгіміз келмеді. Содан соң өзім әйелімді облыстық туберкулезге қарсы диспансерге апарып, рентгенге түсірдік. Оның қорытындысында зайыбымның өкпесі таза болып шықты. Сонда перзентхана дәрігерлері неге сүйеніп, сау адамды өкпе ауруына шалдықтырып қойды? – дейді ұлдарының саулығы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген Медет Тайтақбаев. – Кейін облыстық перзентхана дәрігерлері өздеріндегі рентген аппаратының ақауы барлығын ауызша айтып түсіндірді. Әйелім мен үш баламның бір-бірінен 10 күн бойы оқшауланған кезінде анасының омырау сүті қайтып кетті. Соның салдарынан балаларым шешесінің сүтін емген жоқ. Ал үшемнің бірі Жүрсін 1 кило 900 граммен шала туылса да вакуумға жатқызылмағанын кейін біліп отырмыз. Қазір Атырау қаласындағы №3 емханада тіркеудеміз. Емхана дәрігерлері айына бір-екі рет келіп қарайды. Балаларымның медициналық картасына уақытымен омырау сүтін күніне 5-6 рет еметінін және ешқандай шағым жоқ екенін көрсетіп, жалған жазған. Сәуір айының 8-інен мамырдың 11-іне дейін №3 емхана дәрігерлері балаларымның денсаулығын келіп қараған емес. Ешқандай тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпейді...
Енді Медет сырқатының диагнозы қойылмаған Жүрсінді Ресейдің Астрахань қаласындағы дәрігерлерге апаруды көздеп отыр. «Басқа амалым қалған жоқ», деген Медет пен Айнұрды баспана жайы да қинайды. Сол себептен, көмек сұрап, бірнеше басшыға, дәлірек айтқанда, Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімдеріне хат жазыпты. Алайда, бәрінен де «Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мемлекет тарапынан тұрғын үй алу тізіміне енгізілген азаматтардың құқықтары тең деп танылады. Егер де осы заңда өзгеше көзделмесе, осы тізімге енгізілген басқалар алдында ешкімнің басымдық құқығы болмайды. Өтінішіңіз қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес қанағаттандырылады», деген мазмұндағы бірнеше сырғытпа жауапты әкімдер емес, лауазымы төмен шенеуніктер жіберіпті.
Дұрыс делік. Ешкім заңды белден бассын демейміз. Алайда, адамгершілік тұрғысынан айтсақ, алты балалы бұл отбасының жанашырлық қолдауға да, басыбайлы баспанаға да зәру екені даусыз. Оның үстіне өмірге үшем күн сайын келе бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, жастары отыздан енді асқан Медет пен Айнұрдың екеуі де бюджет саласында қызмет етеді. Демек, олардың баспана сатып алатындай басы артық қаражаты жоқ. Үшіншіден, уақытша жеркепенің тар бөлмесі үш нәрестені жуындырып, күтіп-бағуға лайықты емес.
Тоқетерін айтқанда, Аман мен Есен және Жүрсіндей сәбилердің өсуі үшін елдің әл-ауқатын жақсартып жатырмыз деп ауыз жаппайтын әкімдер тарапынан нақты әрекет қажет. Аста-төк той жасау мен қымбат мәшине мінуден алдына жан салмайтын кәсіпкерлер де осындайда қолұшын созса, артық болмас еді. Бірақ, Атырауда мұны түсінетін ұлтжанды азаматтар қайда?!.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.