Орал қаласындағы «Бәйтерек» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі айықпас дертке душар болған балаларға паллиативтік көмек көрсету ісін ұйымдастыруға бастамашы болып отыр. Осыған орай өңірде еріктілерден құралған арнайы топтар жасақталу үстінде. Паллиативтік көмек дегеніміз қандай көмек? Оқырмандарға түсінікті болу үшін бұл тіркеске анықтама бере кеткен жөн.
«Бұл, жоғарыда айтылғандай, онкологиялық аурудан зардап шегіп жүрген жанға мамандандырылған медициналық қызмет көрсету. Яғни, кесел мен диагноздың қандай ауыр, қандай күрделі болғанына қарамастан, оның белгілерін жеңілдету, – деді газет тілшісіне әлеуметтік сала жанашыры Надежда Козаченко. – Мұндағы басты мақсат – емделуші мен оның отбасының өмір сапасы мен көңіл-күйін жақсартуға көмектесу».
Облыста бүгінде паллиативтік көмекті дәрігерлермен, медбикелермен және басқа да әлеуметтік-қайырымдылық салалары мамандарымен кешенді түрде көрсетуге көңіл аударылған. Сондықтан да мұнда паллиативтік жәрдем көрсететін мамандар тобының мүшелігіне психологтар, массажистер мен диетологтар және өзге де арнайы мамандық иелерін енгізу көзделген.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.