Биыл Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осынау жылдар ішінде екі елдің арасында 40-тан астам халықаралық келісімдер мен шарттарға қол қойылған. Қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық байланыс нығая түскенін атап өткен жөн.
Дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына орай бірқатар іс-шара жоспарланған. Бүгін Моңғолияның Қазақстандағы елшілігінің ғимаратында Моңғолия президентінің Жарлығымен Моңғолия мен Қазақстан ынтымақтастығының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстанның екі азаматына марапаттар табысталды. Атап айтсақ, саясаткер, QazaqGeography қоғамының атқарушы директоры Орман Нұрбаев Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденіне ие болды. Ал Халықаралық Түркі академиясының ғылыми қызметкері, ғалым Ақеділ Тойшанұлы «Достық» орденімен марапатталды.
Марапаттау салтанатына Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Саянбуян Амарсайхан және Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.