Ел астанасында кеңес кезеңінде қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының тағдырынан сыр шертетін құнды құжаттар мен заттар қойылған көрме ашылды. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында өтіп жатқан «Алжир – ұрпақтар есінде» жылжымалы көрмесі өткен ғасырдың 30-50-жылдардағы тарихи оқиғаларды ұмытпауды, ауыр трагедияның қайталануын болдырмау үшін жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиетін қалыптастыруға ықпал етуді мақсат етіп отыр.
«Жыл сайын біздің орталық «Алжир» мемориалды кешеніне арналған көрме ұйымдастырады. Мақсат – қазіргі және кейінгі ұрпаққа «Алжир» тарихы мен сол жылдары болған сұмдықтарды таныта түсу. Бүгінгі көрмеге ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының жеке заттары, оларға қатысты құжаттар, суреттері мен киім-кешек тағы басқа құнды дүниелер қойылған. Сондай-ақ біздің орталық сол уақытқа тиесілі әлі ашылмаған дүниелерді зерттеуді қолға алмақпыз. Тағдыры «Алжир» лагерімен байланысты тұлғаларға қатысты әлі ашылмаған қаншама дүние бар», деді Мәдениет және спорт министрлігі Сирек кітаптар және қолжазбалар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.
Айта кетейік, «Алжир» мемориалды кешенінен әкелінген тарихи құнды жәдігерлер, құжаттар мен заттар көрмесін қала тұрғындары мен қонақтары қазан айының соңына дейін тегін тамашалай алады.
«Өздеріңіз білетіндей, «Алжир» лагері қаланың сыртында орналасқан. Көлік мәселесі бар, екінің бірі барып көре алмайды. Сондықтан біз келушілерге ыңғайлы болуы үшін көрмені қалаға алып келіп, ұйымдастырып отырмыз», дейді орталық басшысы.
Мәдени іс-шараға зиялы қауым мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары – Тұрар Рысқұловтың, Жанайдар мен Елизаевета Садуақасовтардың, Мария Есқараеваның, Шақтай Тәтімованың немерелері қатысты.