Ұлттық құндылықтарымыздың бірі - асық ойынын насихаттайтын "Асық party" шарасы басталғалы көп болмады. Бірақ көпшіліктің көңілін бірден жаулап алды.
Осыдан 2-жыл бұрын басталған "Домбыра party" шарасы секілді бұл да Openair форматында, яғни ашық аспан астында өтеді.
Әр сенбі 18.00-де жұмысынан босай салып жастар Бәйтерек маңында ойнатылатын "Асық party"-ге асығады.
Көбі балаларымен бірге келеді.
Ал қыздар жағы бір шетте "Бес тас" ойынын ойнап жатады.
Әр қатысушыға ұйымдастырушылар тарапынан 1 сақа және 3 асық беріледі.
Мұнда сен стадион жинайтын əнші немесе кітабың ай сайын шығатын ақын, миллиондап ақша табатын кəсіпкер немесе теледидардан түспейтін журналист, мыңдаған фаллоуері бар блогшы немесе беделді шенеунік емессің.. бар болғаны қарапайым ойыншысың, сол ауылдан шыққан қарапайым қазақтың қарадомалақ баласысың..
Азаматхан Әміртай. ҚСКА президенті, бизнесмен:
Бүгін бірінші рет Асық патиге барудың сәті түсті. Осымен 3-ші рет ұйымдастырып жатыр екен. Сенбі сайын, сағат 18-00 де Бәйтеректің қасына жиналып, әрі денсаулықты ширатып, одан қала берді ұлттық ойынды жаңғыртып жатыр.
Берік Сұлтан мен Мұхамедәлі Болатұлы деген осы бастаманың авторларымен таныстым. Біраздан бері қолға сақа алып шиірмегенбіз, оны да сілтеп көрдік.
Бір сәтке ересек екенімізді ұмытып, балалықтың ауылына барып қайттық. Әрі кубоктары мен мақтау қағаздары бар екен. Мұндай қоғамдық бастамалардың басқа емес, Астанада басталып жатқанына қуаныштымын.
Асығымыз алшысынан түссін!
Әр ойын соңында сол ойын жеңімпазы қолына көшпелі кубок тиеді.
Данияр Алан.