• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 14 Қазан, 2022

Тәуекел деңгейі

318 рет
көрсетілді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңге бағамының динамикасы мен қаржы нарығындағы соңғы үрдістер туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, АҚШ Федералды резерв жүйесінің және әлемнің басқа да жетекші орталық банктерінің ақша-кредит саясатын күшейтуді жалғастыруы, РФ мен Украина арасындағы геосаяси дағдарыстың күшеюі тәуекел-сентиментті күрт төмендетіп, тәуекелді активтер тым құбылып кетті.

«Қыркүйекте теңге бағамы 0,9 пайызға әлсіреп, 1 доллар 476,53 теңгеге жетті. Бір ай бойы ұлттық валюта бірқатар қо­лай­сыз сыртқы фактордың қысымына ұшырады. Бірінші кезекте, нарық қатысушыларының сентиментіне әсер еткен геосаяси қақтығыстардың өрши түскенін атап өтуге болды. Сонымен қатар бұрын атап айтқандай, қыр­­күйек айы бойы әлемдегі моне­тарлық жағдайлар күшейе түсіп, мұнай бағасы төмендеді. Теріс фак­торлардың әсеріне қара­мастан, валюта нарығы тең­герімді болды. Ұлттық банк интервенциялар­ды жүзеге асырған жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі тамызбен салыс­тырғанда біршама қысқарды», дейді Ә.Молдабекова.

Квазимемлекеттік сектордың сатылымдары валюта нарығына қолдау көрсетті. Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы валюта нарығында сатылған кіріс көлемі – 583,5 млн доллар. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қам­тамасыз ету үшін валютаны сату 85,1 млн долларды құрады. 

Алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 90 млн долларға ұлғайып, айдың соңындағы жағ­дай бойынша 32,8 млрд дол­ларға жеткен. Жағымды факт­ор­лар­дың ішінде ЕДБ қаража­тының Ұлттық банктегі валюталық шоттарға әке­лінуі, ал жағымсыз фактор­лардың арасында мемлекеттік борышты төлеу мен алтын бағасының төмендеуі негізгі рөлді атқарған. 

«Қыркүйек айында алтын бағасы барынша құбылмалы болды, айдың қорытындысы бо­йынша «алтын» бағасын белгілеу 1 712 доллардан/унциядан 1 673 долларға/унцияға дейін немесе 2,3 пайызға төмендеді. Қыр­күйектің соңғы күндерінде ал­тын­ның өз позициясына ішінара «оралғанына» қарамастан, бір ай ішінде баға белгілеу 1 618 долларға/унцияға дейін төмендеп, 2020 жылғы сәуірден бергі екі жылдық ең төменгі көрсеткішті жаңартты. Қымбат металл баға­сының төмендеуі көптеген орта­лық банктің ақша-кредит сая­сатын күшейтуіне, сондай-ақ доллар­дың жаһандық нығаюына бай­ланысты. Жоғарыда айтып өткенім­дей, негізгі валюталар қоржынына қатысты доллар индек­сі қыркүйекте 20 жылдық ең жо­ғары көрсеткішке жетті», деді ол.

Ал қыркүйектің қорытындысы бойынша Ұлттық қордағы валюта­лық активтердің көлемі 51,6 млрд доллар болған. Өткен айда Ұлттық қордан респуб­ли­калық бюджетке трансферт түрін­де 305 млрд теңге бөлініпті.  Транс­ферттерді бөлу, негізінен, қордың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен, сондай-ақ 85 млн доллар шетел валютасында немесе теңге баламасында шамамен 41 млрд конвертация есебінен іске асырылған.

Қаржы мәселелері сөз бол­ғанда мұнай тақырыбы да тысқа­ры қалмайды. Қазан айының басында мұнай нарығы үшін жаңа деректер – 2022 жылғы қараша-желтоқсан айларында күніне 2 млн баррельге мұнай өндіру квотасының күтпеген жерден төмендеуі айтылды.

«Алайда Goldman Sachs есеп­теулері бойынша нақты қысқару (кейбір ОПЕК + елдері өндірісінің бұрын белгіленген квоталардан артта қалуына байланысты) күніне 1,2 млн баррельге жуық болғанына қарамастан, альянстың бұл келісімі мұнай нарығы үшін елеулі. Осыған байланысты, кейбір сарапшылар алдағы тоқсанда барреліне 100 доллардан жоғары баға белгілеу­ді күтеді. Алайда экономиканың әлемдік өсу келешегінің нашарлауына қатысты күтулер қара алтын нарығындағы құбылмалы фактор болып қала береді», деп түсіндірді Ә.Молдабекова.