«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тұрғындардың медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу көрсеткішін арттыру жұмыстарын жалғастыруда. 2022 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Астана қаласында тұрғындардың 82,7%-ы – МӘМС жүйесінің қатысушылары, ал 17,3%-ға жуық елорда тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. 5 қыркүйектен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады. Бұл қалай жұмыс істейді? Төлеушілер қандай өзгешеліктерді білуі керек? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров осы және басқа да маңызды деген сауалдарға жауап берді.
Бүгінге дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
«Елордада, қазіргі уақытта, 2022 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрғындардың 82,7%-ы МӘМС жүйесінің қатысушылары, яғни 1 080 188 астаналық сақтандырылған. Әлі 225 545 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем тетігі оң ықпал етеді деп ойлаймыз», деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров. Осы орайда халықтан түскен өзекті сауалдарға қор филиалының басшысы жауап береді.
– Соңғы 12 айда МӘМС жарналары төленді, мәртебе сақтандырылған. Алдағы жылға жарна төлеу міндетті ме, әлде оны ай сайын төлей ме?
– Сіз енді жарналарды өзіңізге ыңғайлы түрде төлей аласыз: ай сайын, тоқсан сайын жүйелі түрде төлеуді жалғастыра аласыз немесе 12 айға бірден төлей аласыз.
– Егер МӘМС-ке ешқашан жарна төлемеген болсам, яғни менде бірде-бір төлем жоқ, сәйкесінше мәртебе де жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, алдағы 12 айға төлем жасай аламын ба, әлде алдыңғы төленбеген кезеңді өтеуім керек пе?
– Алдыңғы төленбеген кезеңді өтеудің қажеті жоқ. Бұл норма сіз секілді азаматтарға МӘМС жүйесіне «ауыртпалықсыз» кіруге көмектесуді мақсат етеді. Сіз ағымдағы айға және алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы 3 жұмыс күні ішінде сақтандыру мәртебесін ала аласыз.
– Егер МӘМС жарналарын кезең-кезеңімен төлесем, бірақ төленбеген кезеңдер салдарынан қазіргі кезде сақтандырылмағандықтан, жарналарды бір жыл бұрын алдын ала төлеп, мәртебе ала аламын ба, әлде маған алдымен бұрын төленбеген айларды жабу қажет пе?
– Сізде екі нұсқа бар. Біріншісі, барлық өткізіп алған кезеңдерді өтеп, әлдеқайда аз сома төлеу және әрі қарай сақтандыру мәртебесінде қалу үшін МӘМС-ке ай сайын төлем жасау немесе екінші нұсқа, өткен кезеңді төлемей, бір жылға алдын ала жарна төлеу керек.
– Егер осы жылдың қазан айынан бастап жаңа төлем әдісін қолдануды ұйғарсам, онда жарналарды қай кезеңге төлеуім керек, 2023 жылдың қыркүйегіне дейін бе?
– Олай емес. Заң нормасында төлемдер алдағы кезеңдер үшін жасалуы керек деп көрсетілген. Қазан айы ағымдағы кезең болып саналады. Тиісінше, бір жылға мәртебе алу үшін сіз жарнаны 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың қазаны аралығына төлеуіңіз керек. Егер сіз 2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың қыркүйегі аралығына төлесеңіз, сізге мәртебе берілмейді, өйткені ағымдағы ай төлемге кірмейді. Тиісінше, жүйе төлемді тек 11 айға ескереді.
– Мәселен, алдағы 12 ай үшін төлем жасадым, маған 2023 жылдың қазан айына дейін мәртебе берілді. Егер осыдан кейін жарна төлеуді тоқтатсам, мәртебем сақтала ма?
– БЖТ төлеушілерден басқа төлеушілердің барлық санатында сақтандыру мәртебесі МӘМС-ке соңғы төлем төленгеннен кейін 3 ай бойы сақталады. Соңғы төлем 2023 жылдың қыркүйегінде болды делік, демек сақтандырылудың шартты мәртебесі 23 жылдың желтоқсанына дейін сақталады. Бірақ осы кезеңде қарызыңыз жинақталатынын түсінуіңіз керек, болашақта мәртебеңізді сақтау үшін оны өтеу керек.
– Егер төлем жасауды тоқтаттым, біраз уақыт менің мәртебем, яғни 3 ай бойы сақталды, содан кейін жойылды делік, өткен айлар үшін қарызды төлеуім керек пе?
– Егер Сіз жарнаны бір жылға алдын ала төлесеңіз, онда өткен кезеңдегі берешек ескерілмейді. Бірақ бұл жерде мәртебе болашақ кезеңге тағайындалғанын ескеру керек. Мәртебені қазір алу үшін сізге МӘМС-ке ағымдағы ай үшін де ақы төлеу қажет.
– Жыл сайын АЕК және ЕТЖ мөлшері өзгеріп отырады, дербес төлеушілер үшін медициналық сақтандыру жарналарының мөлшері соңғысына байланысты болады. Келесі жылы ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін ұлғайту туралы жарияланды. Тиісінше, МӘМС жарналарының мөлшері өзгеруі керек. Мен осы өзгерістерді ескере отырып, алдын ала төлем жасауым керек пе, әлде қазіргі мөлшерлемелер бойынша төлеуіме бола ма?
– Төлемдердің мөлшері белгілі бір қаржы кезеңінен бастап, әдетте 1 қаңтардан бастап белгіленеді. Қазіргі уақытта дербес төлеушілер 60 мың теңгенің 5%-ын төлейді, бұл – 3 мың теңге. Тиісінше, егер сіз келесі жылға осы жылы жарна төлейтін болсаңыз, жарналардың қолданыстағы мөлшеріне қарай аударасыз. Егер сіз 2021 жылы өткізіп алған айларды төлегіңіз келсе, онда сіз 2 125 теңгеден төлейсіз. Өйткені сол кезде ЕТЖ мөлшері 42 500 теңге деңгейінде бекітілген. Егер сіз МӘМС-ке жарналарды 2023 жылдан бастап төлейтін болсаңыз, онда жарна мөлшері басқа болуы мүмкін.
– Егер мен МӘМС-ке жарналарды 1 жылға алдын ала төлеп, содан кейін жеңілдігі бар санатқа көшсем, төленген сомадан айырманы қайтара аламын ба?
– Жоқ, бұл төлемдерді қайтаруға болмайды. Өйткені олар артық немесе қате төленген деп саналмайды. Алайда әр жағдайды жеке қарастыруға болады. Адам бір кезеңде жарналарды екі рет төлеген немесе төлем жасау кезінде қандай да бір қате жіберген болуы мүмкін. Мысалы, ЖСН-ді дұрыс көрсетпеген шығар. Мұндай жағдайларда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өтініш жазып, қаражатты қайтару үшін растайтын құжаттарды қоса беруге болады.
– Егер жеңілдік санатында болсам, содан кейін одан шықсам, міндетті түрде бір жылға алдын ала жарна төлеуім керек пе, әлде ай сайын төлем жасай аламын ба?
– Тұрғын халықтың МӘМС-ке жарна төлеу міндеті заңмен бекітілген, бірақ төлем әдісін адам өзі анықтайды. Бұл жағдайда бірнеше нұсқа болуы мүмкін. Бірінші. Егер сіз бір жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз жеңілдік санатында болсаңыз және мемлекет сіз үшін шегерім жасаған болса, жеңілдік мәртебесінен шыққаннан кейін сіз үнемі төлемдер жасап, сақтандырыла аласыз. Екінші. Егер сіздің жеңілдік мәртебеңіз бір жылдан аз уақыт ішінде белсенді болса және оған кіргенге дейін төленбеген айлар болса, сіз мәртебені алу үшін дереу қарызды төлеп, үнемі аударымдар жасауды жалғастыра аласыз немесе ағымдағы ай мен келесі 12 айдағы жарналарды төлей аласыз. Егер сіз жарналарды келесі жылға ғана төлейтін болсаңыз, онда сіз бірден емес, келесі айдан бастап қана сақтандырылған мәртебесіне ие боласыз.
Дайындаған
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»