Кітапхана – біле білгенге үлкен тәрбие мектебі. С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында оқырман үзілмейді. Мұндағы оқырман залы заманға сай жабдықталған, қашан барсаң кітап парақтарының сусылдаған дыбысы ғана естіліп тұратын тыныштық. Әр келуші қалаған кітабын жанында тұрған кітап сөрелерінен алатындай мүмкіндік те қарастырылған.
Іші өте жайлы оқырман залының көңілдің хошын ашатын қасиеті бар. Мұнда көбіне мерзімді басылымдар мен сирек кітаптарды тұрақты оқып тұратындар, зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқытушылар мен студенттер, оқушылар келетіні байқалады. Жан сарайын ашатын кітапханадағы соңғы жаңашылдықтардың енуіне оқырман залының басшысы Сәуле Жанқаринованың сіңірген еңбегі зор. Маман сонау 1990 жылдан бері мекемеде қызмет ететінін білдік.
Жалпы, облыстық кітапханада бүгінде 400 мың кітап қоры бар болса, соның 80 мыңдайы оқырман залында орналасқан. «Ашық кітапхана» қағидасын негізге алған мәдени мекеме барлық газет-журнал мен кітаптың келушілер үшін қолжетімді болғанын қамтамасыз етуге күш салады екен.
– Осыдан он шақты жыл бұрын бұл залда көпшілік қажет кітабын немесе мерзімді басылымдарды бізден сұрап алып оқитын. Қазір кез келген адам залда орналасқан сөрелерден қажетін табады. Егер іздегені біздің залда болмаса, қызметкерлеріміз өзге бөлімдерден лезде әкеліп береді. Залға жайлы үстелдер мен орындықтар қойылған. Келушілердің бір-біріне бөгет жасамау жағы мұқият ойластырылған. Алты маман қызмет көрсетеміз, Айсұлу Балғабаева 30, Гүлжан Бұланбаева 20, Мәрия Мырзақанова 10 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Бір жаңадан келген жас кадрымыз бар, өзгелерінің тәжірибесі қалыптасып қалған, – дейді Сәуле Асылбекқызы.
Оқырмандар көбіне тіл білімі, қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты, поэзия кітаптарын сұрайды екен. Аптасына бір-екі мәрте бас сұғып, Абай, Шәкәрім, Достоевский өлеңдерін оқып тұратын оқушылардың қатары да аз емес көрінеді. Жиі сұралатын кітаптар ішінде Мәшһүр Жүсіптің көптомдықтары, Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдер жинағы бар. Жаңа заманда шығып жатқан кітаптардан гөрі кеңестік кезеңде жазылған классикалар – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романдары сұранысқа ие екенін білдік.
Оқырман залының мұрындық болуымен апта сайын түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Мәулен Балақаев, Аманжол Шамкеновтің және өзге де ұлт зиялылары мен қаламгерлерінің шығармашылығына, өміріне арналған конференциялар, тағылымды кештер өткізіліп, мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салады. Ай сайын «Тіл өнері» отырысы өткізіліп, жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары оқушылар мен студенттерге дәріс оқитыны тағы бар.
ПАВЛОДАР