• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2022

Ертісті еңселі еткен кеш

408 рет
көрсетілді

Облыс орталығында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына және «Найзатас» әдеби-көркем журналының 10 жылдығына арналған «Ертіске тамған сөз нұры» әдеби кеш өтті.

Әдеби кешке Павлодар облысы­ның мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының мін­детін атқарушы Медет Тауасқан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қалалық филиалының ди­рек­торы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлер қауымы қатысты.

Жиналғандар мәдени жиынның маңыздылығы, ұлт келешегі мен әде­биет болашағына тигізер әсері жайлы ой бөлісті. Медет Тауасқан аталған кеш Ұлт ұстазының мерейтойына арнал­ған іс-шаралардың қорытындысы ретін­де ұйымдастырылғанын айта келе, ақын-жазушылардың қаламынан туған шы­ғармалар – оқырманның игілігіне айналатын рухани қазыналар екенін атап өтті.

«Ертіске тамған сөз нұры» әде­би кешінде Ертіс-Баян өңірінің қа­лам­герлері әдебиетті дамытуға қос­қан үлесі үшін әдеби сыйлықпен ма­рапаттал­ды. Олардың қатарында аудар­машы Серік Сатыбалдин, Мәдениет қайрат­кері Мейрам Нұ­ғыман, Мәшһүр Жүсіп өлеңдерін орыс тіліне тәржімалау­шы Қанат Қанапиянов, ақын, сатирик Ал­пысбай Хонж, ақын, аудармашы Айбек Оралхан және Алтынбек Мұқышев, Алмас Ақтасов, Бақберген Дариғаұлы, Нұрбек Кеңесбай, Эль­мира Абетжанова, айтыскер ақын Бөкен Жігер бар.

Сонымен бірге облысымыздың тіл жанашырларына Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғысхаты тапсырылды.

Биыл өңірімізге белгілі жеті қалам­гер Шолпан Байғалы, Ғабит Сапаров, Асығат Тұрғанбеков, Амантай Тойшы­байұлы, Жассерік Садуақасов, Ербол Қайыров, Рауза Мұсабаева Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің қата­рын то­лықтырды. Қаламгерлерге мү­­­ше­­лік куәлікті құрметті қонақтар табыс­­тады. Ақберен Елгезек сөзін Ертіс-Баян өңіріне көңіл айтудан бас­тады. Жа­қында өмірден өткен Алаш­тың айтулы ақыны Арман Қани туралы тебірене сөйледі.

– Арман Қани – азаматтық ұстаны­мына берік, қаламын сатпаған, өзі­нің өмірлік қағидаларына адал бол­ған қазақтың қайсар ақыны еді. Арман аға өмірінің соңына дейін шы­­ғар­­­машылығын бір мысқал да төмен­деткен жоқ, – деді.

Айтып өтейік, «Найзатас» әде­би-көркем, қоғамдық-саяси журна­лы 2012 жылдың сәуір айынан Пав­ло­дар қаласында жарық көре бас­тады. Осы уақытқа дейін қанатын кең­ге жайып, республика аумағына та­ныл­­ды. Журналдың өзге өңірлік әрі рес­публикалық басылымдардан ерек­шелігі – көзтартар ерекше безен­дірілуі мен басып шығарыла­тын қаға­зында. Мұқабадан бастап, толық ішкі бет­тері сапалы қағазда, түрлі түсті етіп ба­сылады. Журналда тұрақты айдар­­лардан бөлек, редакция жанынан құ­­рылған «Мөлдір муза» жастар шы­­ғармашылығы клу­бының ұйым­дастырумен өтетін сұхбаттар, авторлар шығармаларына талдаулар, топтамалар тұрақты жарияланып келеді.

Журналдың алғашқы бас редакторы ардагер журналист Ғалымбек Жұматов. Қазіргі күні бұл абыройлы міндетті Ақпарат саласының үздігі Асыл Әбішев қолына алған. Әдеби журнал «Ертіс Медиа» холдингінің құрамына кіреді.

Кеште келушілер назарына Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі мен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұйымдастырған жерлес қаламгерлер мен «Найзатас» журналының 10 жылдығына арналған әдеби көрмені тамашалады. Жиын Ертіс-Баян өңірі өнерпаздарының ән шашуымен түйінделді.

 

ПАВЛОДАР