• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2014

Күш біріктіріп күресу керек

685 рет
көрсетілді

Адамның есін алатын есірткіге қарсы күрес күннен-күнге жанданып келеді. Өйткені, бұл қауіпті кесел алпауытты деген елдердің де есін алып бара жатқан жайы бар. Сондықтан, онымен күрес амалы бір елдің шекарасынан шығып, әлем болып кірісуге мәжбүрлеп отыр. Міне, соның бір көрінісіндей, кеше Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша өкілеттіктер берілген құзыретті органдары басшылары кеңесінің есірткіге қарсы сұранысты төмендету жөніндегі сарапшылары жұмыс тобының отырысы болып өтті. Отырысқа ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің есірткінің заң­сыз айналымына қарсы күрес бойын­ша құзыретті органдары са­рапшы­ларының жұмыс тобы мүшелері қатысты.  Онда, жоға­рыда айтқанымыздай, өте ауқым­ды мәселелер қаралды. Мәсе­лен, соның бірі ретінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің 2011-2016 жыл­д­ар­ға арналған  Есірткіге қарсы стратегиясын іске асыру бойынша тараптардың ұсыныстары талқыланды. Сондай-ақ, есірткі құралдарын, психотроп­тық заттарды және олардың аналогтарын тұтынуды ерте анықтау мақсатында азамат­тардың жекелеген санаттарын есірткіге тесті­­леуді заңнамалық реттеу, есірткіге тәуелділерді әлеу­меттік-психологиялық оңал­­ту және оны үкіметтік емес ұйым­дар­дың көмегімен жүзеге асыру мүмкіндігі мәсе­лелері бойынша пікірлер мен тәжірибе алмасып, сондай-ақ, есірткіге қарсы сұранысты төмендету бойынша нақты ұсыныстар жасалды. Біздің еліміз ШЫҰ-ға белсенді қатысушы ретінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте жүйелі шаралар қабыл­дауда. Соның арқасында  наша­қор­лықтың алдын алу жүйесі дамып, есірткіге тәуелділерді емдеудің тиімділігі артуда. Есірт­кіге қарсы иммунитетті қалып­тастыру мәселелерімен айна­лысатын үкіметтік емес ұйым­дармен өзара іс-қимыл жандандырылуда. Ал Шанхай Ынты­мақтастық Ұйымы (ШЫҰ) – ­­өңір­лік халықаралық ұйым, оның құ­рамына 6 мемлекет – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжік­стан және Өзбекстан кіреді. ШЫҰ-ның мақсаты өзара сенімді, достық пен татулықты нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылы­ми-техникалық, мәдени, энер­гетикалық, экологиялық және басқа салаларда мүше мемлекеттер арасында тиімді ынтымақтастықты көтермелеу, өңірде бейбітшілікті, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қолдау және қамтамасыз ету бойынша бірлесе күш салу, жаңа демократиялық, әділ және ұтымды саяси және экономикалық тәртіпті құру болып табылады. Міне, осы орайда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша өкілеттіктер берілген құзыретті органдары басшылары кеңесінің есірткіге қарсы сұранысты төмен­дету жөніндегі сарапшылары жұмыс тобының отырысы қай елге болмасын үлкен пайдасы бар. «Қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігін сипаттайтын маңызды фактор ретінде тек қана тұрақтылықты ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда есірткіге тәуелділер санының қысқаруын назарға алған жөн. Соңғы бес жылда олардың саны 29 пайызға кеміді. Бастапқы профилактика жұмысында қол жеткізілген оң нәтиже – ол есірткі тұтынушылардың «жас шамаларының ұлғаюы». Ал жасөспірім нашақорлардың саны 60 пайызға дейін төмендеді», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Бейсеев. Кездесуге қатысушылар та­ра­пынан наша­қорларды меди­циналық-әлеуметтік оңал­тудың толыққанды жүйесі бойынша мазмұнды ұсыныстар айтылды. Осыған орай, қабылданған ше­шімдер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде есірткіге қарсы сұранысты тө­мендетудің тиімді кешендік жүйесін қалыптастыру мақсатында құзыретті органдардың есірткінің заңсыз айналымына қарсы жұмы­сын үйлестірудің неғұрлым жоға­ры деңгейіне қол жеткізуге және наша­қорлықтың алдын алуды жетіл­діруге мүмкіндік береді, – деп сенеміз Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».