Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Осы университеттің ең беделді құрамдас бөлігі – заң факультеті екендігі баршаға аян.
Қазақстанда заңгер дайындау тарихына назар аударсақ, республикамыздағы бірінші арнайы оқу орны – Кеңес мемлекетінің құрылысы және құқық институты. Кейінірек бұл институттың негізінде Алматы мемлекеттік заң институты құрылып, 1955 жылы осы институт заң факультеті болып Қазақ мемлекеттік университетінің құрамына кірді.
1997 жылы заң факультеті экономика факультетімен қосылып, осы факультеттердің негізінде экономика және құқық институы ашылды. Осы жылдары аты аталған факультеттердің аты өзгергенімен мазмұны және оның негізін құрайтын кафедралар өзгермей, өз қызметтерін жалғастыруда. Ал оның мақсаты елімізге білімді заңгер, экономист мамандарын даярлау. 2001 жылы бұл институт жабылып, заң және экономика факультеті дербестік алып, жеке факультеттер болып қайта ашылды.
Қай жоғары оқу орны болмасын оның арнайы білімі бар мамандар дайындау әлеуеті, сол оқу орнында қызмет етіп жүрген оқытушылардың ғылыми дәрежесінің деңгейіне, олардың шығармашылық табыстарына тікелей байланысты. Сондықтан, республикамызда заңгерлерді оқытып дайындауға 80 жыл толуына байланысты аталып жатқан мерейтой да факультетіміздің заңгер ғалымдарының табыстарын атап кеткен де орынды.
Табыстары деуіміздің себебі де бар, өйткені, соңғы 10 жылдар көлемінде біздің факультетіміздің шеңберінде ғылыми-іздену жұмыстары едәуір нәтижеге жетіп отыр. Факультеттің заң саласында бірқатар ғалымдар тобы шоғырланған, мұнда 4 кафедрада 25 ғылым докторы – профессорлар, 54 ғылым кандидаты – доценттер, 5 PhD докторы және 44 оқытушы, жалпы саны 128 ұстаз бар.
Еліміз тәуелсіздік алған 23 жыл ішінде көптеген құқықтық реформалар іске асты. Азаматтық, қылмыстық, еңбек, жер, экология, салық кодекстері, әлеуметтік қамсыздандыру, ұжымдық шарттар, еңбек қорғау, ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер, Кәсіподақ ұйымдары туралы жаңа заңдар қабылданып, іске асып жатыр. Құқықтық реформа бағытына біздің факультетіміздің қосып отырған үлесі аз емес. Факультетте ғылыми жұмыстар негізгі үш бағытта жүргізілуде.
Ғалымдар тобы көптеген ғылыми еңбектер жасады, оқу процесіне қажетті сан түрлі оқулықтар мен оқу құралдарын, кітаптар жазып шығарды. Соңғы жылдары 1000-ға жуық үлкенді-кішілі ғылыми еңбек, оның ішінде, 46 монография, 76 оқулық және оқу құралдары, 25 жинақ пен анықтама, 100-ден астам кітапша мен ғылыми мақала жарияланып, жарық көрді. Атап айтқанда, академик С.Сартаевтың, заң ғылымдарының докторлары Д.Байдельдиновтың, Ә.Бектұрғановтың, Н.Мұхитдиновтың, К.Бегалиевтің, А.Ыбыраеваның жетекшілігімен көптеген оқулықтар, оқу құралдары мемлекеттік тілде жарық көрді. Бұл еңбектері заң ғылымына қосылған сүбелі үлес болып отыр. Факультетте атақты ғылым профессорлары А.Исаев, З.Кенжалиев, Л.Берсүгірова, А.Үсейінова, А.Жатқанбаева студенттерге дәріс оқып, олардың білімін жетілдіруде.
Факультетте арнайы диссертациялық кеңес жұмыс істейді, онда әртүрлі мамандықтан докторлық диссертациялар қорғалады.
Студенттер құрамының мамандығын, біліктілігін арттырып жетілдіру үшін ғылыми-іздену жұмыстарын әрі тиімді, әрі нәтижелі етіп жүргізу, ғылыми-іздену жұмыстарының негіздерін практикаға енгізу, ғылыми еңбектерді оқу процесінде пайдалану және оларды сот-прокурор, тергеу органдарының жұмысында пайдалану мақсаттары көзделген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін әр жылдары бітірген мамандар республикамызда сот, құқық қорғау саласында басшылық қызметтерде жүр. Мысалы, университет түлегі Қ.Мәми – Жоғарғы Соттың төрағасы, А.Дауылбаев – Республика прокуроры, Е.Мерзадинов – Республикалық әскери прокурор, С.Абдуллаев – Республика әскери сотының төрағасы, Қ.Қасымов – Ішкі істер министрі, Б.Бекназаров – Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы. Университет ұжымы осындай білгір, ұлағатты шәкірттерімен мақтанады.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ.