Отан – отбасынан басталады. Осы нақылды ұршықтай иіріп, ұлттың ұстынына айналдыру бүгінде үлкен маңызға ие. Неге десеңіз, «тәрбие – тал бесіктен басталады» деп тағы бір оймақтай ой қосуға бейілміз. Бұл ретте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мәні жоғары. Жетісуда өткен дәстүрлі додаға біз де куәгер болдық.
8-ші рет ұйымдастырылып отырған игілікті іс-шараға өңір аумағындағы аудан-аудандардан 20 отбасы қатысты. Мұндағы мақсат – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін көтеру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қазақ халқының әулет тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір шаңыраққа енгізу арқылы жағымды имиджін қалыптастыру.
Салтанатты шарада сөз алған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли соңғы айларда жасөспірім студенттердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері орын алғанын айтып, алаңдаушылығын жеткізді.
«Әрбір жеке істі талдай келе бір жалпы қорытынды жасалды. Келеңсіздікке әкелген мәселе, ең алдымен отбасылық қатынастарда жатыр. Баланың отбасында алатын басты құндылығы тәрбиесі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан үлгілі отбасыларымыз көбейіп, өзгелерге жол көрсетсе екен деймін», деді Р.Әли
Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайыста бірінші орынды талдықорғандық Андас отбасы жеңіп алды. Отбасының ақылшысы, «Алтын алқа» иегері Ауесхан Мажай мұндай байқаулар ұлт руханиятының алтын бастауы екенін атап өтті.
«Халқымыздың берекесі де, ұлт ретінде сан қиындықтан сүрінбей өтуі де отбасындағы ынтымақ пен мейірімнің негізінде қалыптасқан. Андас отбасы ғылым мен білім, шығармашылық пен ата мұрасын, әке жолын ұқыпты жалғастырып келе жатыр. Аталарымыздың аманатын біз сақтасақ, балаларым әкесінің мұрасын ардақтап ұрпақ сабақтастығының үлгісіне айналуда. Бұл үрдіс одан әрі де жалғаса бермек. Арамызда осындай отбасылар көп. Олардың да мерейі таси берсін деп тілеймін», деді А.Мажай.
Одан кейін екінші орынды алакөлдік Хиаг, үшінші орынды ақсулық Кенжебаевтар отбасы еншіледі. Жеңімпаз атанған отбасы енді республикалық байқауда бақ сынайды.
Жетісу облысы