Баянауылдық кәсіпкерлер қысқы туризмді дамытуға ниеттеніп отыр. Қыста саяхаттап келетіндер үшін мұнда келешекте бұғы мүйізі – пантамен емдеу орны және кварцты құм төселген спорт алаңдары тұрғызылмақ. Жыл бойы қызмет көрсететін сауықтыру кешені Сабындыкөл жағасында салынады деп жоспарланған.
Баянауылда жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейтін демалыс үйлерінің жоқтығы туралы мәселе жиі көтеріледі. Жазғы суға түсу кезеңінде ғана ақша табуды құп көретін жергілікті қалталы кәсіпкерлер бұған бас ауырта қоймайтынын да байқайтын едік. Әрі мұнда ағзаны сауықтырумен айналысатын орталықтар да жоқтың қасы. Туристер көрікті мекеннің сұлу табиғатын тамашалап, шипалы ауасын жұтып қана қайтады. Ал қыста бұл аумаққа баратындар некен-саяқ. Себебі келушілердің көзін аулап, денсаулығын нығайтуға шақыратын мекемелер қызмет көрсетпейді. Осыған орай, Баян жеріндегі туризм де алғашқы аязбен «қатып» қалатыны шын.
Бұл олқылықтың орнын толтыруға «Тұлпар-2021» ЖШС құлшынып отыр. Кәсіпорын директоры Арслан Омаровтың сөзіне сүйенсек, Сабындыкөл жағасында жыл бойы істейтін демалыс орны салына бастаған. Жобада ағзаны сауықтыру кешені де қарастырылған. «Сабындыкөл Плаза» деп аталатын болашақ демалыс аймағында келушілер үшін барлық жағдай жасалады деп күтілуде.
– Құжат мәселелері шешілген соң аумақты толық қоршадық. Келесі жылы қонақүй мен сауықтыру кешенін сала бастаймыз. Мұнда волейбол, футбол, балалар алаңдары болады. Теннис пен бильярд алаңын да ашпақпыз. Жазғы дәмхана, одан бөлек, мангал мүйісі жұмыс істейді. Құрылыс аяқталғанда демалыс орнында 50 бөлмесі бар қонақүй, 15 жеке демалыс үйі қызмет көрсетеді. Барлығы 250 адамды жатар орынмен қамтуға мүмкіндік бар, – дейді ол.
Сауықтыру кешені қасиетті өлкеге адамдарды көптеп тарту үшін салынбақ. Бұғы мүйізінің қанымен емдеу жүргізілетін панта ванналарын құрып, Павлодардағы Мойылдыдан шипалы балшықты алдыру жоспарлануда. Осылайша, Баянауылдың туризм саласы тек жазғы мезгілде қызмет көрсетеді деген түсінік жойылмақ. Демалушыларды жыл бойы қабылдау бизнес үшін де тиімді.
Көлге сарқынды суларды жібермеу үшін демалыс аймағында кәріз жүйесін салу да жобаланған. Оның құрылысы барысында Іле Алатауы ұлттық паркіндегі технологиялар қолданылмақ. Яғни қалдық сулар қайта өңделіп, суаруға жіберіледі. Ал демалыс үйлері мен сауықтыру кешенін жылытуға газ пайдаланылмақ. Осылайша, кәсіпкер экологиялық тұрғыдан таза демалыс орнын құруға әрекеттенуде.
Атап өтерлігі, «Сабындыкөл Плазада» жергілікті жерден шамамен 40-50 адам жұмыс табады деп болжанып отыр. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық тапсырылады. Демалыс орны дайын болғанда жылына кемі 4-5 мың адамды қабылдай алады.
Тағы бір ерекше нысан аталған ауданға қарасты Торайғыр көлінің маңында тұрғызылуда. «Жасырын үй» деп аталатын демалыс орны көзге түспейтін табиғат тасасында әрі қолайлы жерде орналасқан. Аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліповтің айтуынша, «Солтанов» жеке кәсіпкерлігі былтыр Торайғыр ауылдық округінде орналасқан бір қабатты, аумағы 140 шаршы метр тұрғын үйді сатып алған. Кәсіпкер әрқайсысы сегіз орынды екі модульді үй салып, 35 төсектік орыннан тұратын корпусты қайта жаңғыртуда. Инвестиция көлемі 100 млн теңгені құрады. Кәсіп иесі Ермек Солтанов бұған қоса көл жағасында екі қабатты қонақүй мен екі кемпинг тұрғызып жатқанын да жеткізді.
– Бұл аумақта бұрын ешбір құрылыс болмаған. Қазір ауыз су мен электр жүйесі тартылып, жол төселді. Барлығын өз қаражатымызға жасап жатырмыз. Бірінші қабаттағы әрбір бөлмеде санитарлық торап – дәретхана мен жуынатын орын бар. Біздің демалыс орнында жыл бойы жатып тынығуға болады. Қазір ішкі жұмыстар – кафель мен ламинат төсеу, есік орнату ғана қалды. Жаңа жылға дейін жұмысымызды бастап кетуге ниеттеніп отырмыз. Ал келесі жылы арнайы рұқсат алсақ, қоғамдық тамақтану орны мен спорт алаңдарын салу жоспарымызда тұр. Ата-аналар алаңсыз демалу үшін балаларын қалдырып кете алатын бөлмелер ашқымыз келеді. Әрине, ол жерде жеткіншектерді арнайы қызметкерлер қарайтын болады, – дейді кәсіпкер.
Бұған дейін облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов аталған болашақ демалыс орындарының құрылыс барысымен танысып қайтқан еді. Баянауылдың туристік әлеуетін арттыратын жобаларды жоғары бағалады. Әкімнің тапсырмасымен Жасыбай демалыс аймағындағы Қоңыр әулие үңгіріне биік жол салынды.
Аудандық әкімдіктің дерегіне сүйенсек, Баянауыл ұлттық паркінде өткен маусымда шамамен 96 мың адам демалып қайтқан. Ал Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасының басшысы Ернұр Жәутікбаевтың мәліметінше, аймақтағы туристік саланы дамытуға 2020-2022 жылдары жалпы сомасы 3,1 млрд теңге инвестиция салынған. Оның 1,9 млрд теңгесі – жеке салымдар. Өңірдің туристік секторында 119 жеке кәсіпкерлік қызмет көрсетеді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы