Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанның туғанына 80 жыл толуына орай «Дүкенбай Досжан әлемі: жазушылық зертханасы және ұлт тағдыры» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.
Әдеби жиынды жүргізген жазушы Жолтай Әлмашұлы қабырғалы қаламгердің суреткерлік зертханасына жан-жақты тоқталып, оны үш салаға бөліп қарауға болатынын айтты.
«Дүкенбай ағамыз алпысыншы жылдары әдебиетке келіп, жасы жиырманың үстінде болса да, «Фараби», «Отырар» повестері мен «Жібек жолы» романын жазып, тарихи тақырыпқа алғаш түрен салды. Бұл кезде
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Әбіш Кекілбайұлының «Үркері» мен «Елең-алаңы» және Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» әлі жарық көрмеген еді. Сондықтан біз жазушының осы ерекшелігін баса айтуымыз керек. Екіншіден, бұл кісі қазақтың болмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бауырмалдығы, мейірімділігі, қонақжайлылығы туралы мөлдіретіп тамаша әңгімелер жазды. Үшіншіден, Дүкең өзі өмір сүрген кезеңді ізін ала повесть пен романға айналдыра білді. Мысалы, автордың «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» атты үш романнан тұратын трилогиясы, өткен ғасырдың 70-80-жылдарындағы халқымыздың тыныс-тіршілігін ғана емес, сол уақыттағы көріністерді дәл суреттейді», деп қаламгерге құрмет білдірген сөзімен бастады. Одан кейін сөз алған суреткердің сыныптасы, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Жаңақорған интернатында бірге оқыған досының бала күнінен шығармашылықпен айналысып, мектепте жүргенде-ақ алғашқы өлеңдері аудандық, облыстық газетке жарияланып, есімі елге таныла бастағаны жайындағы естелігімен бөлісті.
Ал «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы көркемсөздің қадірі мен тұлға туралы салмақты ой қорытып, Дүкенбай Досжанның тарихи туындылары өткен ғасырдың 60-80-жылдары аралығында халқымыздың тарихи санасын қалыптастыруға зор үлес қосқанын баяндады.
– Біздің бұған дейін тарихи санамызда үзік-үзік фрагменттер болды да, тарихымыз осы кезеңге селдіреп жеткен еді. Соны Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Дүкең ағамыз бар шығармаларымен тарих туралы тұтас ойлауымызды қалыптастырды. Қаламгердің «Отырар», «Фараби» повестері мен «Жібек жолын» оқып, көне қалалар қалай болды, қандай тұлғалар өмір сүрді дегенді зерделей түстік. Біздің «жұқа» тарихымыз Дүкеңнің кітаптарын оқығанда қалыңдап, қиялмен тарих жасап, оймен өткенімізді толықтырдық. Сол қиял бізді тәуелсіздікке алып келді», дей келіп, ғалым көркемсөз зергерінің еңбекқорлығын айрықша атап өтті.
Сондай-ақ белгілі философ ғалым, академик Ғарифолла Есім – «Дүкенбай Досжанның кез келген шығармасынан автордың айшықты қолтаңбасы менмұндалап тұрады. Оған қаламгерлік қасиет тумысынан біткен. Оның алғашқы жазған дүниесінен бастап, соңғы туындысына дейін жалғасып келген бір кейіпкер бар, ол – автордың өзі. Суреткер өзін-өзі іздеумен өтті, оның жазушылық қасиеті де осында» деген пікірін білдірсе, Ұлттық ғылым академиясының акдемигі Шерубай Құрманбайұлы Досжановтың ұлт рухын көтерген кітаптары мен сөз қадірін бағалаған қасиетіне үңілді.
«2002 жылы Павлодар облысында конференция өтетін болып, соған марқұм, академик Өмірзақ Айтбаев және Дүкенбай ағамен пойызда бірге бардық. Сонда жазушыны жақыннан біліп, ол кісінің үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын қарапайымдылығына тәнті болдым. Дүкең жол бойғы әңгіме барысында Өмекең мен сирек қолданылып жүрген көне сөздердің тарихына, этимологиясына терең үңіліп, бізге сұрақ қоюмен болды. Осы қасиеті мені таңғалдырды» деп қаламгердің өзгеше бір қырын әңгімеледі.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде Рақымжан Тұрысбек, Айгүл Ісмақова, Қайрат Сақ, Серікзат Дүйсенғазы, Қайырбек Кемеңгер секілді әдебиеттанушы ғалымдар сөз алып, сыршыл суреткердің творчествосы туралы салмақты ой қозғады. Жиын соңында қаламгер Сәуле Досжан жазушы жайында естелік айтып, Дүкенбай ағаның қыздары Айнұр мен Әселдің қаламгер шығармаларын зерделеп, насихаттауға арнайы стипендия тағайындағанын хабарласа, жазушының ұлы Ардақ Дүкенбайұлы көркем сөз зергерінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында қаламгер отбасы мен Жазушылар одағы бірлесіп, бірқатар іс-шара атқарғанын жеткізді.
«Биыл әкемнің мерейтойына орай жазушы есіміне Астана, Алматы, Қызылорда, Түркістан қалалары және туған жері Жаңақорған ауданынан бір-бір көше берілді. Сонымен бірге туған ауданындағы Келінтөбе ауылында жаңадан ашылған бір мектепке аты берілмек. Қазір оны облыстық ономастикалық комиссия мүшелері қолдап, құжаттарын үкіметке ұсынды. Сондай-ақ әкем көзі тірісінде Түркістан облысындағы алты ауданның құрметті азаматы болған, сол елді мекендерден де бір-бір көше беріледі деп отырмыз.
Жалпы, мен әкемнің шығармаларын бала күнімнен оқып, зердеме тоқып өстім. Бірқатар әңгімесін орысшаға аудардым. Ол жазған шығармаларының түпнұсқасын ешқашан үйде сақтаған емес, уақыт өткесін болашақ зерттеушілер мен әдебиетшілерге қажеті болар деп мемлекеттік архивке тапсырған. Әкем елге жиі сапар шегіп, қарапайым адамдармен әңгімелескенді жақсы көретін. Менің оқырмандарым да – ауылдағы көзі ашық, зиялы азаматтар деп отыратын. Әкем өте еңбекқор болды, өзім сол қасиетін үлгі тұтамын», деп сөзін түйіндеген жазушының баласы он студентке әкесінің бес томдық кітабын сыйға тартты.