• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қазан, 2022

Алғыс арқалаған жауынгер

303 рет
көрсетілді

Биыл қыркүйек айында Қостанай облысы Әулиекөл ауданында болған алапат өртті сөндіруге белсенділік танытқандар Президент атынан мемлекеттік марапаттарға лайық деп танылды. Солардың қатарында Қарулы Күштердің жауынгері, әскерге борышын өтеуге келгеніне небәрі төрт ай болған Александр Флейтлинг те бар.

Жас жауынгер Төтенше жағдайлар министрі Илья Ильиннің қолынан Мемлекет басшысы қол қойған «Ерлігі үшін» медалін алды. Отан алдындағы борышын 31 775 әскери бөлімінде абыройлы атқарып жүрген Александрды әңгімеге тарттық. 18 жастағы Александр бала кезінен жауапкершіліктің салмағы қандай екенін біліп өскен үйдегі төрт баланың үлкені екен.

«Отбасыда алты жанбыз, – деп әң­гі­месін қазақша бастады Александр. – Қазақ ауылында туып-өстім, анам – қазақ, мектепті де, колледжді де қазақша оқып бітірдім, оның үстіне мемлекеттік тілді білу – міндетіміз».

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Жаңа тілек ауылында туып-өскен Александрдың трактор жүргізіп үйренгеніне екі жыл болыпты. Тіпті әскерде жүрген аз ғана уақытта БМП (жаяу әскер машинасы) көлігін жүргізуді үйреніп алған. 9-сыныпты бітірген соң Үржардағы ауылшаруашылық колледжін тәмам­дап, бірден әскерге аттанған. «Ге­не­рал болуды армандамайтын сарбаз жоқ», демекші Александр да «Отан ал­дын­да­ғы борышын өтеген соң мін­дет­ті түрде әскери жоғары оқу орнына тү­сіп, офицер боламын», дейді.

«Әскерге келгенде маған қолдау көрсеткен командирім майор Рустам Ситя­ковтен көп нәрсе үйрендім. Бола­шақта командирім сияқты офицер болып, әскерде қызмет жасағым келе­ді. Қазіргі кезде әскерге барғысы кел­мей­тін жігіттер бар. Сонда елді, жерді кім қорғайды? Ел басына күн туса, кез келген мамандық иесі Отанды қор­ғау­ға тиіс. Бейбіт күннің өзінде өрт сөндіруге қаншама адам, неше техника жұмылдырылды? Өртке оранған дала, бірнеше шақырымға созылған түтінге қарамастан, сол сәтте өрт сөндіруден басқа басыма ешқандай қорқынышты ой келген жоқ», дейді Александр.

Алты жыл грек-рим күресімен айна­лыс­қан Александр әскери бөлім ішін­дегі спорттық жарыстарда нәти­желі өнер көрсетіп жүр. Отан алдын­дағы борышын өтеген соң білімді офицер болуды армандайтынын айтып қалды. Білімді азамат – елдің келешегі. Болашақта отбасына көмектесіп қана қоймай, ел қорғаны болар мықты офицер болар деген үміт те жоқ емес. Айтпақшы, Александр бөлім басшылығы берген 10 күн демалысты пайдаланып, туған ауылына барып қайтыпты. «Жаңа тілекте бірге өсіп, бірге оқыған достарыммен, ауылдастарыммен кездесіп, сағынышымды бастым», дейді. Александрдың алған марапатына ата-анасы мен ауылдастары, сабақ берген мұғалімдері қатты қуанған көрінеді.