Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Мейрам Қажыкенді Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеу мәселесі қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов баяндама жасады. Ол 2022 жылдың 4 қазанында Орталық сайлау комиссиясына «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі М.Қажыкенді Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін – президенттікке кандидат М.Қажыкеннің және оның зайыбының активтер мен міндеттемелер жөнінде декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы; тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытындысы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының М.Қажыкенді қолдап жинаған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды.
Аталған хаттамаға сәйкес М.Қажыкенді қолдау мақсатында еліміздің 14 өңіріндегі 122 184 азаматтың қолы жиналды. Тексеру нәтижесінде 120 055 қолдың дұрыстығы анықталды, яғни қажетті саны, кемінде 1% немесе 118 273 қамтамасыз етілді.
М.Қажыкенді президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжат Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Мейрам Зекешұлы Кажыкен Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып тіркеліп, оған тиісті куәлік берілді.