• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 17 Қазан, 2022

Аймақтық мәселелер талқыланды

287 рет
көрсетілді

Астанада тұңғыш рет «Орта­лық Азия-Ресей» форматында аймақтық ынтымақтастық пен ортақ мүддені ілгерілету мәселелері кең көлемде талқы­ланды. Қазақстан астанасында жұма күні өткен жиынға Ресей, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түрікменстан мен Өзбекстан президенттері келді.

«Қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты жауапкершілікті негізге ала отырып, біз терроризм мен экстремизмге, заңсыз көші-қонға, есірткінің заңсыз өндірісі мен айналымына қарсы тұруға бағытталған алтыжақты ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды ынталандыруды жалғас­тырамыз», делінген саммит қорытындысы бойынша жарияланған бірлескен мәлімдемеде.

Ресей мен Орталық Азия елдері де Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) аясында орыс тілін қолдау және насихаттау мақсатында халықаралық ұйымның құрылуын құптады. Мәлімдемеде сондай-ақ елдер «тараптардың мүдделерін ескере отырып, ұлттық валюталармен есеп айырысу тәжірибесін кеңейтуге ниетті» делінген.

Саммитте сөз сөйлеген Ресей президенті Владимир Путин елінің Орталық Азия елдерімен тауар айналымы екі есеге өсіп, 37,1 миллиард долларға жеткенін айтты. «Орталық Азия-Ресей» саммиті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Астанада өткен түрлі шаралар аясында тұңғыш рет ұйымдастырылды. Оның алдында Астанада Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекет басшыларының саммиті өтті.