• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2014

Әсерлі «Тоска»

336 рет
көрсетілді

Бақытыма орай осыдан екі жыл бұрын Вена ұлттық опера және Ла Скала театрларында М.Мусорг­скийдің «Борис Годунов», Дж. Пуччинидің «Богема» операларын тамашалауыма мүм­кін­дік туды. Дүниежүзілік опера мәдениетінің ірі орталықтары болып саналатын театрлардың қойылымдарын көріп, біздің Қазақстанда да осындай әдемі өнер ордасы болса деп тамсанып едім. Енді міне, сол арманыма жетіп отырмын. Елордамыздың орталығынан бой көтерген «Ас­тана Опера» мемлекеттік опера және балет театры қазіргі кезде жаңа премьераларды көрер­мендерге ұсынуда. Соның ішінде М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Дж.Вердидің «Аттила» опералары, П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару», С.Прокофьевтің «Ромео мен Джуль­етта» және хореограф Б.Эйфманның «Роден» балеттері әлем­дік сахналарда үлкен табыспен өтті. Осы жақында ғана театр сахнасында қойылған Дж.Пуччинидің «Тоска» операсына тәнті болдым.­ Операны ита­лия­лық дирижер Антонелло Алле­манди қойды. Басты рөлдерді­ Анна Пироцци, Марсело Альва­рес, Альберто Мастромарина орындады.­ Бұл опера алғаш рет Римде 1900 жылғы қаңтар айында қойылыпты.  Операның «Астана Операдағы» премьерасы, әлемдік дәстүр бойынша, итальян тілінде өтті.  «Тоска» – реакция дәуіріндегі Италияда болған жағдайларды суреттейтін, еркіндікке талпынған кең пафосты драма. Операның негізгі үш кейіп­ке­рі­нің де партиясы әлемдік классикалық әншілер арасында кеңінен таралған. Олардың ариялары опералық музыканың інжу-маржаны қатарында. Спектакльдің декорациясы, кейіпкерлердің костюмдері – бәрі драманың өтіп жатқан кезеңін, ішкі атмосфераны көрсетуге мүмкіндік туғызады. Бұл әлемдегі 5 операның қатарында тұрған әйгілі туынды. Оны орындаған әншілер құрамы да жоғары деңгейлі, әсіресе, Марсело Альваресті бөле-жара айтамыз. Шын мәніндегі көрерменнің қошеметін көрсеңіз... Нағыз әлемдік деңгейдегі орындау, шырқау таңдай қақтырды десеңіз де әбден болады. Әлемге әйгілі әншілердің жоғары кәсіби дәрежеде орындау мәнері тыңдаушыларды рахатқа бөледі. Бірінші бөлімде діни қызметкер Ризашының партиясын орындаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожиннің кәсіби деңгейін ерекше атап өткім келеді. Ол партияны зор ынтамен, биік кәсіби деңгейде орындады. Сахнадағы балалар хоры да жарқын әрі ойнақы өнер көрсетіп, жандандырды. «Астана Операдағы» Дж. Пуччинидің «Тоска» операсының премьерасы тыңдаушыларға үлкен әсер беріп, оркестрдің соңғы аккордынан кейін олар қоюшы режиссер, музыкалық жетекші, бүкіл труппаға ұзақ қошемет көрсетті. Тойжан ЕГІНБАЕВА, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.