• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2014

Құрама жем шығаратын ірі комбинат ашылды

490 рет
көрсетілді

Шемонайха ауданының орталы­ғын­да өңірдегі ірі ұн тарту және құрама жем комбинаты ашылды. Жаңа кәсіпорын тәулігіне 600 тоннадан астам астық өңдей алады. Ауылдағы 30 адамға жұмыс орнын құрған комбинат алдағы уақытта көршілес елдердің нарығына шығу­ды жоспарлап отыр. Кәсіпорында өнімнің 15 түрі шығарылады. Комбинаттың бас директоры Фарманали Мамедовтың айтуынша, мұнда тауық пен балапанға, ірі қара мен шошқаға арналған азықтық жем өндіріледі. Бүгінде аймақта өзге облыстардан және шетелдерден жем сатып алуға мәжбүр болып отырған шаруашылықтар жетерлік. Сондық­тан бұл жоба көптеген жергілікті агроөндірістік кешендер үшін тиімді болмақ. Комбинат толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде өнімділік деңгейі сағатына 25 тоннаға дейін артады деп күтілуде. Бұл өңірді ғана емес, көршілес елдерді де мал азығымен қамтамасыз етуге жол ашады. Өндіріс орнының жұмысымен танысқан өңір басшысы Б.Сапарбаев Шығыс Қазақстанның ет экспор­тындағы әлеуетін нығайту үшін мықты жемшөп базасының қажет­тілігін атап өтті. – Шығыс Қазақстан өткен жылы 400 тонна етті экспортқа шығарды. Аталған көрсеткішті еселеу үшін шетелдерге сатылатын еттің үлесін көбейтуге тиіспіз. Бұл үшін ауқымды жемшөп базасы қажет. Бүгін ашыл­ған комбинат өңірдің құс, шошқа шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді, – деді өңір басшысы. Мамандардың айтуынша, өңірге өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындар керек. Себебі, жергілікті өндірістің жемі сатып алынатын азықтан 30 пайызға арзанға түседі. Ал қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында әрбір ауыл шаруашылығы маманы өз өндіріс орнын ашуға мүмкіндік алып отыр. Шығыс Қазақстан облысы, Шемонайха ауданы. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген  Сергей СУРОВ.