Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осипов елдегі инфляция жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2022 жылдың қыркүйек айында елде жылдық инфляция 17,7% (тамызда – 16,1%) болды. Аймақтар арасында жылдық инфляция 20 өңірде қарқын алды.
Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында тіркелді (тамыздағы 17,3%-дан қыркүйекте 20,0%-ға дейін).
Азық-түлік бағасының өсу қарқыны қыркүйекте ж/ж 22,2%-ға дейін ұлғайды (тамызда – 20,8%). Осы топқа жататын тауарлардың бағасы Маңғыстау облысында барынша өсті (29,7%).
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны ж/ж 17,0%-ға дейін жеделдеді (тамызда – 15,5%). Ең жоғары мән Астана қаласында (26,3%), ең төменгі мән Алматы қаласында (13,8%) тіркелді.
Ақылы қызмет көрсету бағасы қыркүйекте ж/ж 12,3%-ға өсті, бұл ретте жалпы республикалық деңгейден едәуір жоғары баға Ұлытау облысында (16,5%) тіркелді, Ақтөбе облысында (8,2%), керісінше, едәуір төмен өсті.
2022 жылғы қыркүйекте елде айлық инфляция 1,8%-ды құрады, бұл соңғы 5 жылда (2017-2021 жылдары: 0,3%) қыркүйек айындағы инфляцияның орташа мәнінен біршама жоғары көрсеткіш.
2022 жылдың қыркүйек айында баға барлық өңірде орташа тарихи нормасынан жоғары болды. Айлық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында (2,8%) байқалды.