Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліппесін оқи бастады. Музей мамандары келешекте оған қоса қадым жазуын да меңгеріп, қорда сақталып тұрған, сыры әлі күнге ашылмаған көне қолжазбалардың құпиясын білуге ниеттеніп отыр.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің негізгі қызмет бағыты – жәдігерлерді зерттеу, жинақтау, насихаттау. Осы міндетті атқару барысында қызметкерлер көптеген қиындықтарға кездесіп келген екен. Соның бірі – қолжазбалармен жұмыс істеу барысында төте жазуды оқи алмау. Сол себепті мамандар Ақаңның төте жазу әліппесін оқуды бастады. Сабақ аптасына бір рет өтеді. Оқытушы Павлодар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов.
– Біздің музейімізде араб қарпінде төте жазумен жазылған 20-дан аса кітап және қадым жазуымен түсірілген біраз көне қолжазбалар сақталып тұр. Төте жазулардың басым бөлігі оқылып, түсініктері берілген. Ал қадым жазулардың анықтамалары бар болғанымен, оқылмаған. Мәселен, төте жазудағы Қамар Қасымовтың қолжазбалары, Дихан Әбілев бабамыздың хаттары, қолжазбалары, тіпті біздің қорымызда мүлде ашылмаған ескі жазулар да кездесіп отыр. Латын әрпінде Сәбит Дөнентаевтың жазбалары, Иса Байзақовтың қойын дәптері де сақталып қалған. Осы жәдігерлердің барлығын музей қызметкерлері оқып, тани білуі керек деген мақсат қойып отырмыз. Біздің қызметіміз музейде түрлі кештер өткізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, әр маманымыз жәдігерлерді жинақтап қана қоймай, оларды зерттеп, насихаттау жұмыстарымен дербес шұғылдана алатын деңгейге жетуі керек, – дейді музей басшысы Ербол Қайыров.
Қазіргі күні мәдени мекеме мамандары ауыл-ауылдарды аралап, түрлі қолжазбаларды жинастырып, көптеген көне қаріптермен жазылған кітаптарды тауып жатыр. Жаз бойы жүргізілген түрлі экспедициялар мен өлкетану шаралары өз жемісін берген сыңайлы. Енді бұл жәдігерлерді музей майталмандары асықпай зерттеп, кейін көпшілікке ұсынады. Кейбір тұрғындар өз үйінде жылдар бойы сақтап келген көне кітаптары мен қолжазбаларын музейге тапсырмас бұрын мекеме мамандары әуелі келіп, оқып көрсе деген өтініш айтады екен. Осындай уақытта қиналып қаламыз дейді Ербол Мәтіұлы.
Айтып өтейік, жақында мұнда Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды. Араб әрпінде, төте жазумен теріліп басылған көне кітапты Аққулы ауданының тұрғыны әкеп тапсырған екен. Үй үлкендері оны Құран деп ойлап, сақтап келсе керек. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойында бұл үлкен жаңалықтың бірі болды.
ПАВЛОДАР