Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толды. Ел дамуына ересен еңбек сіңірген тұлғаның рухына тағзым ету іс-шарасы аймақтарда қызу өтіп жатыр. Заманында бірнеше облысты басқарған қайраткердің мемлекет тарихында қалдырған қолтаңбасы айшықты. Оның еңбек жолы ел аймақтарының қарышты дамып, өңірлердегі ауыл шаруашылығы мен экономиканың дәуірлеу кезеңіне тұспа-тұс келді. Ауылдарды дамыту мен қала сәулетін қалыптастыруға да өлшеусіз еңбек сіңірді.
Асанбай Асқаровтың басшылық шеберлігі мен азаматтық ұстанымы Алматы облысын басқарған жылдары да жаңа қырынан көрінді. 1965-1978 жылдары аралығында Жетісудағы билік тізгінін қолына алған қайраткер әуелі облыстың экономикасын арттыруға күш салған екен. Аз жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамыды. Аймақта қажетті құрылыс нысандары қарқын алды. Сол кездегі облыс орталығы болған Алматы қаласында да көз тартарлық тарихи ғимараттар салынды. Әсіресе елді электр қуатымен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан, суармалы жерлердің аумағын арттыруға мүмкіндік берген Қапшағай су қоймасы мен ондағы су электр стансасының салынып, іске қосылуы Қазақстан тарихындағы жаңа бетбұрыс еді. Осы игі істің басында облыс басшысы ретінде Асанбай Асқаров тұрғаны аян. Ол басшылық еткен тұста Қарадала, Шеңгелді, Күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, егін шаруашылығында мол өнім алудың негізі қаланған. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқабында күріш өсірудің технологиясы енгізіліп, отанымыздың азық-түлік қауіпсіздігі үшін үлкен жұмыс істелді.
– Асанбай Асқарұлы еңбек жолын 1939 жылы мектептегі білім беру жүйесінде бастады. 1942-1946 жылдары әскер қатарында болды. 1946-1951 жылдары Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейін Қазақстан комсомолы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішінде Қазақстан Компартиясы Красногор, Меркі аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1959-1985 жылдары Қазақстан Компартиясының Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 13 жылдай Алматы облысын басқарды. Күнделікті жұмыстан бос уақытын шығармашылыққа арнады. «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты өсиет кітаптары жарық көрді. Ол Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызымен, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған, – дейді тұлғаның тағылымды өмірін ғылыми-зерттеуге арқау етіп жүрген ғалым, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев.
Асанбай Асқаров Алматы облысын басқарған жылдары Қарадала өңірінің малшылары үшін өмірлік маңызы бар Шонжы мен Нарынқол ауылдарын жалғайтын тау асуына жол салуға бастамашы болған екен. Қайраткердің осы ісі кейінгі ұрпақ үшін үлгі ғана емес, ел дамуына үлес қосқан маңызды жұмысқа айналып отыр. Өйткені тау жолының жасалып, қатынастың орнауы аудан, қала берді облыс экономикасы үшін оңтайлы болып, қолданысқа еніп кетті. Қазір де бұл жолдың шарапатын өңір тұрғындары көріп отыр. Яғни Асанбай Асқаровтың 100 жылдығын мерекелеу іс-шарасы Алматы облысының аумағында, онда да Ұйғыр ауданында бастау алғаны кездейсоқтық емес-ті. Шонжы ауылында өткен тағылымды іске белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Алматы мен Шымкент қалаларынан, Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінен келген делегациялар арнайы қатысты. Мерейтойлық іс-шара аясында Қарадала мен Шәлкөде жайлауын жалғап жатқан тау жолының Шонжы жақ бетіндегі асуға «Асанбай асуы» атауы ресми түрде беріліп, ескерткіш белгі орнатылды.
– Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында Асанбай Асқаров басшылық еткен Алматы облысының даму қарқыны серпін алып, барлық салада өсу динамикасы байқалды. Қапшағай су қоймасы мен су электр стансасы салынып, еліміздің оңтүстік өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етіп, егіс алқабын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қарадала, Бозай, Шеңгелді жерлеріне су келіп, құнарлы алқаптарға айналып, Балқаш өңіріндегі Ақдала алабына күріш егіле бастады. Көп ұзамай Қазақстан картасында жаңа Қапшағай қаласы да пайда болды. Сол жылдары облыста жетпістен астам колхоз, совхоз, 2 ауылдық, 2 қалалық аудан құрылды, – деді «Асанбай асуындағы» тас белгіні ашу барысындағы салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов.
Мерейтойлық іс-шара Шонжы ауылының мәдениет үйінде өткен «Асанбай Асқаров – тұғырлы тұлға» атты республикалық конференцияға жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан модераторлық еткен конференцияға елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Алматы және Шымкент қалаларынан келген делегациялар қатысты. Жиын барысында Асқаров тұлғасына қатысты көп әңгіме айтылды. Ал Асанбай Асқарұлымен Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінде иық тірестіре еңбек етіп, қызметтес болған тұлғаның адами қырын еске алды. Сондай-ақ «Асанбай Асқаров жайындағы естеліктер» кітабының тұсауы кесілді. Конференцияда сөз алған ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, А. Асқаровтың немересі Қамбар Смайылов, Ұйғыр ауданының құрметті азаматы Нурвяг Сейітов, Алматы делегациясын бастап келген Мамай Ахметов және басқалар аты аңызға айналған біртуар тұлға туралы әсерлі сөз айтты.
– Ғасырлар жаңарып, арада қаншама жылдар өтсе де есімдері ел жүрегіне ұялаған жандар ешқашан ұмытылмайды. Өйткені өз тұсында ел көшін бастап, айналасындағы халқын игілікті істерге жұмылдырып, туған өлкенің топырағында ерен еңбегін, айшықты қолтаңбасын қалдырған жанның жарқын бейнесі көз алдыға келіп тұрады. Міне, сондай халқымыздың асыл да ардақты перзенттерінің бірі – қоғам қайраткері, заманының заңғар тұлғасы Асанбай Асқарұлы Асқаров. Қаламгерлігі, ақындығымен де ел жүрегінде қалды. Көргені көп, жиғаны жетерлік, ойы терең, елі-жерін, ұлтын жанындай жақсы көріп өткен заңғар тұлғаның «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты ғибрат, өсиетнама кітаптары қалды, – дейді тұлға туралы сөзінде белгілі ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин.
Алматы облысы