Елімізде енді электронды құжат қағаз нұсқасымен теңестірілді. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды көрсету және пайдалану қағидалары бекітілді. Цифрлық құжаттар сервисі – «Электронды үкімет» мобилді қосымшасының бір бөлігі.
Цифрлық құжат сервисінде қолжетімді барлық электрондық құжат қағаздағы құжаттарға тең. Министрдің бұйрығы 2022 жылдың 22 қазанынан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ аталған ведомство электронды цифрлы қолтаңбадан бас тарту мәселесін де қарастырып жатыр. Бұл туралы Бағдат Мусин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Бүгін Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткіздік. Күн тәртібінде электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттар алу, емханаға тіркелу және бизнеске арналған қызметтерді жетілдіру мәселелері қарастырылды. Менің ойымша, біз бірінші кезекте халыққа электрондық қызметтерді пайдалану ыңғайлы екеніне көз жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта QR арқылы қол қою механизмі әзірленді, бұл ыңғайлы және қауіпсіз. Оны барлық порталға енгізу ғана қалды. Бұл жұмысты жандандыру және NCALayer жүйесінен толық бас тарту бойынша тапсырма бердім», деді министр.
Ведомство басшысы кей жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы SМS хабарлама алып, ХҚО-ға келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жататын жайттардың да кездесіп қалатынын жеткізді.
«Біз бұл қызметті жетілдіріп жатқанымызды және жақын уақытта адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде уақытында алатынын атап өтемін. Сондай-ақ жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарлануда. Мұндай бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Яғни өтініштер қағаз түрінде қаралмайды, жүйенің өзі бәрін тексереді және тіркейді, ал көшкен кезде адамға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады», деді.
Сонымен қатар Әділет министрлігінің бастамасымен деректерді өзгерту процестерін жеңілдету, мысалы, тіркеу мекенжайын өзгертуге қатысты ұсыныс та қаралған.
«Бұл қызмет банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Техникалық тұрғыда іске асыру ғана қалды, сондықтан бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер үшін төлем енгізу жағдайы талқыланды. Шетелдіктердің қызмет алуы кезінде ақы төлеу жүйесін енгізуге баса назар аударылды. Мүдделі мемлекеттік органдар (Ішкі істер, Әділет және Қаржы министрліктері) мен Үкіметтегі әріптестеріме азаматтарға келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу тетігін әзірлеуді тапсырдым», деп жазды ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, азаматтардың Үкіметпен байланысын жақсарту мақсатында да бірқатар жоба қолға алынып жатыр. Соның бірі – Smart data Ukimet. Бұл – мемлекеттік органдардың барлық дерекқорын жинауға және өңдеуге мүмкіндік беретін талдамалы жүйе. Ол – нақты уақыт режімінде көп деректі жинайтын және өңдейтін құрал.
«Бұл әзірлемелер азаматтарымыздың қызметтерді тез және кедергісіз алу процесін жүзеге асыруға көмектеседі. Сонымен қатар, ғарыш технологиялары, атап айтқанда, төмен орбиталы спутниктерді енгізу тақырыбы да айтылды. Бұл Қазақстанның шалғай аумақтарын байланыспен және интернетпен қамтамасыз етуге жол ашады», деп жазды министр.