• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 17 Қазан, 2022

Газы бардың назы бар

162 рет
көрсетілді

Еуропа елдерімен салыстырғанда Қазақстанда газ бағасы біраз төмен. Бізде 1 мың текше метр газ жаққаны үшін 58,5 доллар төлейді. Бұл – шамамен 28 мың теңге. Екінші орында 96,2 доллармен Ресей тұрса, үштікті 138,7 доллармен Беларусь түйіндейді.

Еуропада газды ең қымбатынан тұтынатын ел – Швеция (1 мың текше метрге – 1 973,8 доллар). Сондай-ақ Дания (1 363,4 доллар) мен Нидерландта да (1 191,5 доллар) газ құны қымбат саналады.

«Дегенмен, елдің қарапайым тұр­ғындары үшін бағаның өзі емес, газ­дың қаржылық қолжетімділігі, яғни тариф­тердің жалақыға қатынасы ма­ңызды болып, бұл тұтынушыға тауар жүк­темесінің қандай екенін тікелей көрсетеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бо­йын­ша да көш бастайды: мұнда орташа жалақыға 8,6 мың текше метр табиғи газ тұтынуға болады. Одан кейін Ресей (7,5 мың текше метр газ) мен Ұлыбритания (6,3 мың текше метр газ) тұр», деп хабарлайды Finprom агенттігі.

Агенттік сарапшыларының дерегін­ше, Қазақстанда төмен газ бағасының сақталып отыруы алғаш рет емес. 2019 жылы тіпті тариф 2018 жылдың жел­тоқ­санымен салыстырғанда 4,3 пайызға дейін төмендеген. 2020 жылы небәрі 0,3 пайызға қымбаттаған. 2021 жылдың желтоқсанына таман 5,5 пайызға дейін өсім байқалды. Ал биыл тамыз айының қорытындысы бойынша тара­ту желілері арқылы тасымалдана­тын газ тарифтерінің көтерілуі жыл басы­мен салыстырғанда небәрі 0,1 пайызды құраған.

Қазір елімізде табиғи газды тарату бойынша ауқымды жұмыс атқырылып жатыр. Мемлекет әр тұрғынның табиғи газды тұтынғанын қалайды. Бірақ бұл бірден іске асатын шаруа емес. Ranking мәліметі бойынша, жыл басында көшедегі газ желілерінің жалпы ұзындығы 34,8 мың шақырым болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 6,6 пайызға жоғары. Бір жылда 2,3 мың шақырым қосылған. 74,1 шақырым желі маман қолын тілеп тұрса, 2021 жылы 103 шақырым желі жөндеуден өткен.

«2010-2021 жылдары мемлекеттік бюджет есебінен 1,3 мыңнан астам газдандыру жобасы жүзеге асырылып, өңірлерде 18 мың шақырымнан көп газ тарату жүйесі салынды. Негізі­нен, 2019 жылдың желтоқсанында ұзын­­дығы 1,06 мың шақырым болатын «Қызыл­орда – Астана» маршруты бойын­ша «Сарыарқа» магистралды газ құ­бы­рының бірінші кезеңінің құ­рылы­сы аяқталып, пайдалануға беріл­ді. 2022-2026 жылдарға арналған газ сала­сын дамытудың кешенді жоспар дерегі бойынша, 2022 жылдың 1 қаңтарында халықты газдандыру деңгейі 53,1 пайызға жетті. Яғни 9,8 млн адам табиғи газды пайдаланып отыр. Газдандыру деңгейінің өсуі мен жа­ңа тұтынушылардың көбеюіне байланыс­ты 2010-2021 жылдар аралығында ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 106 пайызға – 9 млрд текше метрден 18,6 млрд текше метрге өсті», дейді сарапшылар.

Index Mundi мәліметі бойынша, қарастырылған 213 елдің 144-інде ғана азаматтар табиғи газды тұтынып отыр. Соның ішінде Қазақстан газ тұтынудың жалпы көлемі бойынша 43-орында. Біздің ел бір жылда 15,4 млрд текше метр табиғи газ жаққан. Ал жан басына шаққандағы газ тұтыну көлемі бойынша 41-орындамыз (бір жылда – 805,1 текше метр). Қазақстандағы жан басына шаққандағы газ тұтыну көлемі ТМД-дағы Армения, Молдова, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен де жоғары тұр.

Елдегі газ өндірісін қамтамасыз етіп, газ таратуды ым-жымын білдірмей іске асыруға тиіс «QazaqGaz» компаниясы­ның басшысы Санжар Жәркешов күнімізді әрең көріп отырмыз, әне-міне тақырға отырып қаламыз деген қауіп бар екенін әр жиында айтып жүр. Газға жауапты бас мекеме бас­шысының алаңдауына қарап ел­дегі газ ахуалының мәз еместі­гін аңға­руға болады. Оның сөзіне ден қой­­сақ, өндірушілер газ шығаруға құлық­­­ты емес. Себебі газ бағасы төмен. Арзан баға өндіріс шығынын ақтамай­ды. Соған байланысты мемлекет енді таби­ғи газды Ресейден сатып алсақ па де­ген ниеті бар екенін жасырмай айта бас­тады. Энергетика министрі Болат Ақшо­ла­қовтың сөзіне қарағанда, Шығыс Қазақ­стан мен солтүстік өңірді газдандыру үшін екі нұсқа есепке алынып отыр.

«Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып газдандыру нұсқасын қарастыру үшін болжамды тұтыну көлемін есептеп ресейлік тарапқа жіберді. Сондай-ақ газ құбырының біршама оптималды желілері де анықталды, олар – бір тармағы Павлодарда болатын Барнаул – Рубцовск – Семей – Өскемен бағыты. Ұзындығы – 1 мың шақырым. Сонымен бірге болжамды 644 шақырымға созылатын Ишим – Петропавл – Көкшетау – Астана бағыты бар. Қазір ресейлік тарап есептеп жатыр», деген еді ведомство басшысы.