Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астанада Орталық Азия бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі KazAgro/KazFarm-2022 көрмесі өтті. Көрме аясында агроғылым, тенденциялар, инновациялар мен технологиялар, сондай-ақ үздік сауыншылар байқауы, асыл тұқымды мал тұқымының аукционы және 200 кг алманың таратылуы секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Көрмеге әлемнің әр түкпірінен аграршылар, ғалымдар, бизнесмендер, шенеуніктер, сарапшылар, инвесторлар, импорттаушылар мен экспорттаушылар келді. Жиыны 20-дан аса елдің сала мамандары және 300-ге тарта компания өкілдері бас қосты. Олардың барлығы серіктестерді, одан әрі транзакциялар үшін байланыстарды, жаңа шешімдер мен технологияларды, құралдарды, идеяларды және ынтымақтастықтың жаңа жолдарын іздеді.
«KazAgro/KazFarm көрмелерінің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның барлық фермерін бірегей алаңға біріктіру. ExpoGroup компаниясы биыл осымен 13-рет ұйымдастырған көрмені биыл 20 мыңнан аса адам тамашалады.
«Айта кетерлігі, агроғылымға үлкен мән беріп, отандық ғалымдарға қолдау көрсетіп, олардың ауыл шаруашылығы саласындағы әзірлемелерін жариялап жатырмыз. Олардың жұмысы қай кезде де көлеңкеде қалып қояды. Біз олардың жұмыстарын жандандырып отырмыз. Сонымен қатар биыл серіктестеріміз – ауылшаруашылық тауар өндірушілері дәстүрлі түрде ауқымды стендтерді ұсынып, мәмілелер жасап, жаңа тұтынушыларды тапты. Олардың барлығы келесі жылы көрмеге қатысатындарын растады», деді ұйымның директоры Шолпан Қожабаева.
Көрменің өтуі ғалымдар, бизнесмендер, шаруалар үшін де маңызды болды. Олар көрмеде жаңа ауыл шаруашылығы технологияларымен, тың тәжірибелермен және сала бойынша дамып келе жатқан сервистік қызмет түрлерімен танысты. Мәселен, осы мақсатта «Агротрендтер – топырақ құнарлығын сақтау, органикалық егіншілік, климатқа қолайлы өндіріс» атты конференция ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Германия сарапшылары ауыл шаруашылығында ресурс үнемдейтін технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті, оның ішінде су ресурстарын басқаруға, өсімдіктерді кешенді қорғау мен қоректендіруге, органикалық егіншілікке тұрақты ауыл шаруашылығы жүйесіндегі блок ретінде баса назар аударылды.
Тұқым шаруашылығындағы ғылым мен бизнестің ынтымақтастығына арналған тағы бір конференцияны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ұйымдастырды. Баяндамашылар мемлекеттік және жеке саланың ғалымдары болды. Олар Қазақстанда тұқым шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясаты, тұқым нарығындағы ағымдағы жағдай және тенденциялар, Қазақстандағы тұқым шаруашылығы, сорт сынау және тұқым сапасына сараптама, сондай-ақ тұқым шаруашылығының ғарыштық мониторингі тақырыптарын қозғады. Сонымен қатар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мәселелері қаралды.
Ең маңызды жиындардың бірі – Қазақстан өсімдік өсірушілерінің ІІ слеті. Оған қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен жетекші сала мамандары жиналды. Шараны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырды.
2022 жылдың жаңалықтарының бірі – AgroStream компаниясы әзірлеген агрономдарға арналған AgroMap мобильді қосымшасы келушілер назарын аударды. AgroMap агрономның жұмысын жеңілдету және ақпаратты өңдеуге көмектесу үшін жасалған. AgroMap-пен барлық ақпаратты өрістер бойынша топтастыруға, егін картасын жасауға, қауіптерді анықтауға, фотосуреттер мен тексеру парақтарын түсіруге, қауіптер каталогін құрастыруға, ауа райы карталарын көрсетуге және т.б. жасауға болады.
Жұртшылықты таңғалдырғаны, сиырларды өздігінен сауа алатын робот болды. Сиырларға қолайлы жағдай жасап, өнімділікті арттыруға арналған «Dairy Robot R9500» сауын роботының тұсаукесеріне адам көп жиналды. Өлшемдері ықшам болғандықтан, жүйе жаңа құрылыс кезінде де, ескі сүт фермасын қайта құру кезінде де кәсіпорындардың инфрақұрылымына біріктірілуі мүмкін.
Сонымен қатар келушілерге жаңа жүк көліктері мен техникалар, мамандандырылған шетелдік қондырғылар, Қазақстандағы алғашқы ауыл шаруашылығы техникасының ішкі нарығы және т.б. көрсетілді.
Өткізілген барлық конференциямен қатар, әртүрлі өндірістік компанияның көрмесі өткенін айта кеткен жөн. Бизнес-қауымдастық өкілдері ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойып, серіктестер іздеп, мәмілелер жасады. Көрме барысындағы келіссөздер нәтижесінде 100-ден аса әртүрлі келісім, мәміле, меморандум мен келісімшарт жасалды.
Биылғы ең үлкен стендтердің бірін Қостанай агромеханикалық зауытының ресми дилері Kamz Agro ұсынды. Кәсіпорын өкілдері көрме кезінде 26 млн теңгенің өнімін өткізіп үлгерді.
«Біз бұл көрмеге екінші жыл қатысып отырмыз, өткен жылы жалға алу алаңы шамамен 100 шаршы метрді құрады. Биыл – 720 шаршы метр. Халық Қазақстанда машина жасау саласының дамып келе жатқанына көз жеткізді деп ойлаймын. Сондай-ақ біз өз жұмысымызда Беларусь, Испания, Түркия және басқа елдің зауыттарымен ынтымақтасамыз. Осы көрме аясында 26 млн теңгеге екі бірлік техника саттық. Бір сатып алушы Ақмола облысының Ақкөл ауылынан болса, екінші сатып алушы – Оралдан», деді Kamz Agro директорының орынбасары Қуанышбек Әбдірахманов.
Көрмеге өнім ұсынған компаниялардың бірі – 1953 жылдан бері ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын шығаратын ірі америкалық өндіруші Massey Ferguson. Қазақстандық CanAgro 2016 жылдан бері осы компанияның еліміздегі дистрибьюторы қызметін атқарып келеді. CanAgro маркетологі Руслан Жоламанов қандай нәтижелерге қол жеткізгенін айтып берді. «Біздің компания нарықта 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта Massey Ferguson брендін ұсынамыз. Компания көрмеге құрылған күннен бастап жыл сайын қатысып келеді. Тапсырыс берушілер көп, бағаның қымбаттауына қарамастан, құрал-жабдық алуға қызығушылық танытқандар бар. Бізде қазірдің өзінде жабдықты сатып алу туралы алдын ала ниеттілер тіркелді, келісімшарт жасастық» деді ол.
«KazAgro/KazFarm-2022» халықаралық аграрлық көрмесі аясында еліміздің барлық өңірінен жетекші сала мамандарының қатысуымен Қазақстан селекционерлерінің ІІ слеті өтті. Слет барысында өсімдік шаруашылығындағы жаңа технологиялардың көрсетілімі, спикерлердің саланың маңызды мәселелері бойынша баяндамалары, еліміздің барлық облысынан үздік және озық егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды марапаттау рәсімдері өтті. Қонақтарға көрме алаңының жанындағы көшеде асыл тұқымды бұқалар мен қошқарлардың көрмесі ашылды.
Көрмеге қатысушылардың бірі – Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы. Қостанай облысында жұмыс істейтін Қазақстанның жетекші селекциялық орталығы мұнда еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жақсы нәтиже көрсеткен бидай сұрыптарының барлық ассортиментін ұсынды. «Қарабалық» АШТС басқарма төрағасы Дамир Қалдыбаев жұмсақ жаздық бидай сорттарының көшбасшылары «Айна», «Фантастика» сорттарымен қатар көрмеге қойылған жаңа сорт туралы да егжей-тегжей айтып берді. «Сонымен қатар көрмеге жаңа өніміміз – «Ламис» сортын ұсынуға келдік. Бұл интенсивті типті құрғақшылыққа да, ыстыққа да төзімді өнімді сорт. Ол сондай-ақ үш солтүстік аймаққа бөлінеді. Биыл «Қарабалық» АШТС 500 тоннадан аса жоғары репродукциялы «Ламис» сортының тұқымын сатуға дайын. Жалпы, сатылым өте қарқынды жүріп жатыр. Көрме басталғалы станса 4 700 тонна тұқым жеткізуге келісімшартқа отырдық. Көрме қорытындысы бойынша тапсырыс берушілер қатары көбейетіні сөзсіз. Ендеше, оригинатордан тұқым сатып алғысы келетін фермерлерге өтініштеріңізді ұзақ уақытқа қалдырмаңыздар, тұқымдар таусылып қалады дегіміз келеді», деді Д.Қалдыбаев.
Ал «АстанаАгроӨнім» компаниясының өкілі Есім Жанпейісов Италия, Германия және басқа да Батыс Еуропа елдерінде заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттарға дилерлік қызмет атқаратынын мәлімдеді. Компанияның әкелген тұқым сепкіш, химиялық өндеу техникалары көрменің едәуір бөлігін алып тұр. Олардың бағалары 80 млн теңгеден басталып, 130 млн теңгеге дейін жетеді. Есесіне, техникалардың өнімділігі аса жоғары көрінеді.
Көрменің тағы бір шетіне Қытайдың «Юнмин» компаниясының өнімдері қойылыпты. Оның өкілі Сәрсенбай Талғат бұл компания тарихы 1967 жылдан басталатынын айтты. Қазір Қытайдың өз ішінде 4, шетелдерде 2 зауыты жұмыс істейді.
«Зауыттардың бірі Мысырда орналасқан. Ол Африка елдеріне техникалар мен технологиялық құралдар шығарады. Екіншісін биыл Қытай мен Қазақстан ортасындағы Достық кеден бекетінен аштық. Бұл зауытымызда жылыжай техникалары мен технологияларын, жем зауыттарының құралдарын шығару үстіндеміз. Бірте-бірте өнім ауқымын кеңейте береміз. Өйткені бұл зауыт Қазақстан арқылы Орталық Азия, Ресей және ТМД елдеріне өнімдер шығарып, жөнелтуді көздейді» деді С.Талғат.