• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Қазан, 2022

Қайраткер өмірін қамтыған

376 рет
көрсетілді

Таяуда елордада Ғылым және жоғары білім министрлігінің Мемлекет тарихы институты «Ұлт тарихындағы тұлғатану және оны зерттеудің ғылыми өзектілігі» атты дөңгелек үстел мәжілісін өткізіп, соның аясында «Сабыр Ниязбеков» атты ғылыми басылымды таныстырды.

Бұл еңбекті аталған институттағы Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ғалым Сейітқали Дүйсен мен институт директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев бірлесіп жазған. Онда белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметі нақты деректермен өріліп, танымал тұлғаның туған жері, өскен ортасы және еңбегі мен өмірдегі қарапайым бейнесі жан-жақты қамтылған. Кітапқа жазған алғысөзінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев жинақ авторларының ізденісін айрықша атап, тарихи танымдық бағытта жазылған бұл еңбекті тұлғатануға қосылған бір үлес деп бағалаған.

Сабыр Ниязбеков – қазіргі Ақмола облысы Астрахан ауданының Өрнек ауылын­­да өмірге келіп, алғашқы еңбек жолын 16 жасында ауылдық кеңес­тің хат­шы­лы­ғынан бастап, Ақмола, Қара­ған­ды, Қос­танай, Оңтүстік Қазақ­стан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында жауапты қызмет атқарып, сол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Сондай-ақ 1965-1978 жыл­дары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары болды.

Мазмұнды іс-шара аясында Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл сөз алып, жаңа кітап туралы тағылымды ой қозғаса, Сабыр Біләлұлының туған ағасы Рахметтің қызы – Назым апамыз жинақ авторларына алғысын айтып, жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге отырыста Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верси­теті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарихшы ғалым Бүркіт Аяған, ардагер ұстаз Оспан Сүлейменұлы және тағы басқа зиялы азаматтар сөз алып, кітапқа кейіпкер болған тұлғаның қай­рат­керлігі мен жинақтың жаңалығы жа­йындағы ой-пікірлерін ортаға салды.