• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қазан, 2022

Батыр қыз ардақталды

633 рет
көрсетілді

Жетісу облысы Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған рухани іс-шара өтті.

Сол алақандай ауылда қайсар қыз­дың атындағы орта мектеп бар. Биыл ашылғанына 90 жыл, ал батырдың атын иемденгеніне 60 жыл толып отыр. Айтулы мерекені жоғары дәрежеде атап өткен білім ордасы қан майданда ерлікпен қаза тапқан бабалардың рухына тағ­зым жасап, мәңгілік алауға гүл шоғын қоюдан бастады. Әскери киім киген жас сарбаздар Мемлекеттік Туды әкеліп, Гимн шырқалды. Батыр қыздың есімін асқақтату арқылы өздерінің де туған ел мен өскен жерге қызмет етуге дайын екендіктерін байқатты.

Шара барысында Ескелді аудандық мәслихатының хатшысы Қанат Сатанов, Шымыр ауылы ақсақалдар алқасы­ның төрағасы Ерназар Айтқалиұлы, аудан­дық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Шолпан Жақанова жүрекжарды тілек­терін арнап, өскелең ұрпаққа Мәншүк Мәметованың ерлігі жайлы айтып берді.

Қадірменді қонақтардың тілегі­нен кейін мектеп оқушылары ша­ғын кө­­рініс қойды. Қан майданда фа­шис­тік Германияға қарсы тұрған отанд­ас-­ ­­тарының қатарында болған және өш­пес ерлікпен дараланған Мәншүк Мәме­тованың рөлін бейнелеген оқушы­лар көпшілікті тәнті етті. Нағыз қазақ қы­зының бойындағы қайсарлық пен батырлықты тап басып көрсеткен оқу­шылардың өнері жүректі сыздатып, тұла бойымызды шымырлатты. Үш бірдей атаулы күнге орайлас­ты­рылып өткен мерекеде мектеп оқу­шы­лары бел­сенділіктерімен көзге түсті. Пат­риот­тық әндер орындалып, кешті тама­ша­лаған қонақтарға үлкен әсер сыйлады. Сонымен қатар Мәншүк Мәме­тованың туған өлкесі Орал өңірімен бейнебайланыс орнатылып, батыр қыз­дың өмірін зерттеп жүрген мұражай қыз­мет­керлері құттықтау жолдады. Кеш қонақ­тарына тарихи деректерден сыр шертті.

Мектеп директоры Раушан Мейір­бекова салтанатты жиыннан кейін келген қонақтарды фойеде қойылған сурет көрмесімен таныстырды. Бірне­ше тақырыпқа бөлінген мәдени кеште «Қазақтың қаһарман қызы» атты тақырыпта ұйымдастырылған кітап көр­месі де көптің көңілінен шықты. Мек­тепішілік мереке аясында «Мән­шүк Мәметова – қазақтан шыққан әйгілі пулеметші», «Қазақтың қайсар қызы» тақырыбында ашық тәрбие сағат­тары өтіп, «Ерлік ешқашан ұмытылмай­­ды» атты патриоттық әндер байқауымен жалғасты. Бір күнде бірнеше іс-шараны қолға алған мектеп ұжымы «Мән­шүк – халқымыздың батыр қызы» тақы­рыбында аудандық әскери-спорттық спартакиада да өткізді. Оған аудан­ның ­7 мектебінен оқушылар қатысып, ­әске­ри-спорттық жаттығудың 6 түрінен сынға түсті.

1932 жылы құрылған шағын ғана мектеп бүгінде заман талабына сай үлкен білім ордасына айналып отыр. Мұнда 70 ұстаз қызмет атқарса, 500 оқушы білім алады. Батыр қыздың есімін арқалаған білім ордасының көрсеткіші жаман емес. Өткен жылы 3 түлегі үздік аттестат алып, ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсеткен. Ал жалпы аудан ҰБТ деңгейі бойынша 74,3 пайызға қол жеткізген.

Орта мектептен түлеп ұшқан түлек­тер бүгінде республиканың әр түкпірін­де түрлі қызметтер атқарып жүр. Мек­теп ұжымы заң, білім, медицина, спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар шә­кірттерімен мақтанады. Сондай үздік оқушыларының бірі – Қаржы ми­нистрінің орынбасары Данияр Жаналинов.

Мәншүк Мәметованың 100 жыл­дығына орай өткен патриоттық-мәдени шараға мектепті бітіріп кеткен түлектер демеушілік жасаған. Кеш соңында батыр қыздың рухына арналып ас берілді. Отан үшін от кешкен жанның ерлігі мен өрлігін, елі мен жерін сүйетінін паш еткен, жас ұрпақты да соған үндейтін басқосу патриоттық нотада аяқталды.

 

Жетісу облысы