Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева VII Астана экономикалық форумына келген Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер ісі бойынша министрі Хусн Бану Газанфармен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжілістің вице-спикері Ауғанстанда президент сайлауының бірінші кезеңі табысты өткенімен құттықтап, осы сайлау ел өмірінің алдағы тұрақтылығының жаңа кезеңі болатынына сенім білдірді.
Дариға Назарбаева, сонымен қатар, Қазақстан Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнағанын қолдайтынын және екі ел арасындағы достық байланыстардың жалғасын табуы үшін әрекет ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, Мәжілістің вице-спикерінің айтуынша, ауған қоғамы үшін Ауғанстан жастарының білім алу бағдарламасы ерекше орын алатын көрінеді.
– Бұл ағарту жобасына Қазақстан Президентінің тапсырмасымен 50 миллион доллар бөлініп, жүзеге асырылып отыр. Бұл ауған жастарының медициналық, техникалық және арнайы білім алып шығуына мүмкіндік туғызады, – деді Дариға Назарбаева.
Өз кезегінде Хусн Бану Газанфар біздің Мемлекеттің басшысына Ауғанстанның бейбіт дамуына әсер етіп, қолдап отырғандығы үшін алғысын айтып, білім беру бағдарламасының елі үшін маңызына тоқталды.
Тараптар әңгіме барысында Орталық Азия елдері әйелдерінің аймақ мемлекеттерінің өзара байланысында, соның ішінде экономикалық байланысты нығайтудағы орнына ерекше назар аударды.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары қазақстандық әйелдердің еліміз дамуының өркендеуіне, әсіресе, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қосқан үлесіне тоқталды.
Ауғанстанның Әйелдер ісі бойынша министрі біздің еліміздің тәжірибесі, әсіресе, әлеуметтік саладағы және әйелдердің кәсіпкерлікке араласуының Ауғанстан үшін маңызын атап өтті.
Дариға Назарбаева парламентаралық байланыстар жайында сөз қозғағанда, Ауғанстанда парламентаризмді дамыту қажеттігіне назар аудартты. Сонымен бірге, Мәжілістің вице-спикері ауғандық депутат-әйелдердің жетістігін, Ауғанстан парламентінде саны үнемі өсіп, бүгінде 28%-ға жеткенін атап өтті.
Д. Назарбаева мен Х. Газанфар Қазақстан мен Ауғанстан парламентшілерінің, оның ішінде әйел-депутаттар арасындағы байланыстар екіжақты ынтымақтастықты ұлғайтуға орасан үлес қосатындығы жөнінде ортақ пікір білдірді.