• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 18 Қазан, 2022

Жарты ғасырлық жол

466 рет
көрсетілді

Тәуелсіз еліміздің аспанын бағындырып, қазақтың атын асқақтатқан Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі екенін білесіз бе? Осы қарашаңырақтан қанат қаққан ғарышкер қара аспанды қақ жарып, қазақтың намысын көкке қатар алып ұшты. Ержүрек ұл елге оралғаннан кейін, өзі тәлім алған білім ордасына тағзым еткені бар. Сол аяулы сәт көз алдымызда әлі алаулайды.

Міне, талай түлектің шамын жаққан оқу орны жарты ғасырлық жолды жүріп өтті. Бүгінде Жетісудағы ең үлкен білім ор­дасының беделі биік, мәртебесі жо­ға­ры. 50-ге толған шаңырақ облыс орта­лы­ғы Талдықорғанға кіреберістен-ақ менмұндалап тұрады. Құлагер ақынның жырынан қуат алған білім бесігінде тербелген тастүлектер топтың алдынан көрініп келеді. Алды елге сыйлы тұлға атан­­са, кейінгілері мемлекетке адал қыз­мет етіп жүр.

«Жас мұраты, білім, тәлім – талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару жа­ра­ғы». Иә, уағында Ілияс Жансүгіров осылай жырлаған еді. Сол жыр бізді осы ша­ңы­раққа жетектеп алып келді. Ала­тау­ды әлдилеген Алматыны айналып өтіп, әлемге есік ашқан Астанаға қол бұлғап, шығыстан, батыстан, солтүстіктен білім іздеп келген талапкерлерге қарап таңдай қағасыз. Неге басқа емес, Жетісу? Өз өңірлерінде де еңселі оқу орындары бар емес пе? Сөйтсек, онда мұндағыдай табиғат жоқ екен ғой. Оның үстіне түлеп ұшқан түлектері елдің тірегіне баланып, үлкен баспалдақтарды аттап жатқанда қалай асық болмасын! Шалғайдағы ата-аналар балаларын үлкен сеніммен үкілеп жібереді. Бұл біздің көзбен көргеніміз ғана, ал жырақта жүріп естігеніміз өз алдына бөлек әңгіме.

«Ұлым, саған айтайын өсиетін дана­ның, білімдіні таны да, соңынан ер, қара­ғым» дейді ғұлама ғалым Махмуд Қаш­қари. Аталы сөзден аттап кетуге болмас. Білімнің ізінен ерген білікті жас­тар­дың басын қосқан оқу орны рес­публика көлемінде үздік білім шаңы­ра­ғының бірі атанды. Іргесі 1972 жылы қаланып, алғаш Талдықорған педагогикалық институты ретінде елге қызмет етті. Сол уақытта 255 студент қабылдап, физика, матема­ти­ка, орыс тілі және әдебиеті, қазақ мек­тептерінде орыс тілі мен әдебиетін оқыту мамандарын даярлады. Бес кафедрада 25 оқытушы болса, оның ішінде 11 ғылым кандидаты болды. Бұл шағын қалада енді бой көтерген институт үшін үлкен жетістік еді. Маңайдағы ауылдардан студенттер өзендей ағылып келіп, білім теңізіне қосылып жатты. Қазір ойлап отырсаңыз, бәрі де ертегі секілді. Әйтсе де сол алмағайып заманда ауыл баласының талабын ұштаған шырайлы шаңырақтың шаттығы ерекше болды.

1977 жылы оқу орны даңқты ақын Ілияс Жансүгіров есімін арқалады. Бұл жетісулықтар үшін үлкен жаңалық болды. Ақынның аруағы қонғандай білім шаңырағы жылдан-жылға көркейе түсті. Осы жылдан бастап университетте жаңа факультеттер ашылды: «Музыкалық пе­да­гогика» (1977), «Мектепке дейінгі тәрбиелеу» (1980), «Дене шынықтыру» (1986). Сонымен қатар «Жалпы тех­никалық пәндер», «Педагогика және алғашқы оқыту әдістемесі» кафедралары құрылып, «Инженерлік педагогика» және «Бастапқы оқытудың әдістемесі» факультеттері де өз жұмысын бастады. Жаңадан білікті мамандар тартылып, оқу орнының іргесі кеңейді.

Осы жылдары институт қабырғасында «Қуыршақ» театры, «Россияночка» вокальды ансамблі, «Назигум» ұйғыр ансамблі, «Жетісу» халықтық ансамблі және орыс халық аспаптар оркестрі құрылды. І.Жансүгіровтің әдеби-мемо­риал­ды мұражайы ашылып, мұрағат қор­лары жинақталды. 1989 жылы жалпы көлемі 2 062 мың шаршы метрді құрайтын 200 мың кітап, үш оқу залы бар типтік кітапхананың құрылысы аяқталды. Бұл меже оқу орнының бақытын еселеді. Арада көп ұзамай, Министрлер каби­не­тінің №584 қаулысына сәйкес І.Жан­сүгіров атындағы мемлекеттік уни­вер­си­теті болып қайта құрылды. Бұл атаулы оқи­ға еліміз егемендікке қол жет­кіз­ген­нен кейін жүзеге асты.

1998-2001 жылдар аралығында уни­вер­ситеттің материалдық базасы нығай­ды. Оқу ғимараты, стадион салынды. Мемлекеттік стандарт негізінде оқу жос­парлары жасалып, 17 жаңа мамандық ашылды. Мамандандырылған тестілеу орталығы құрылды. Осылайша, 1999 жылы 21 сәуірден бастап Үкіметтің №441 қаулысы бойынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып аталды. Бірқатар мамандық бойынша аспирантура ашылды. 2001-2008 жылдар аралығында университет ұжымы оқу үрдісін жетілдірді. Белсенді оқыту әдістері мен жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылды. Рейтингтік-тестік білім бағалау жүйесін енгізді.

2000 жылдары Корей Республикасы Сэнжуй қаласы, Британ Кеңесімен, Корей Республикасының ағарту орта­лығымен қарым-қатынас нығайып, Ресей және Туркияның алдыңғы қа­тарлы жоғары оқу орындарымен ғы­лыми, оқу-әдістемелік байланыс аясы кеңіді. Оқу орны 2008 жылы 18 қыр­кү­йекте университеттердің Ұлы Хар­тия­сына мүшелікке қабылданды. Бұл уни­верситеттің беделін одан сайын ны­­ғайтты. Мәселен, физика, математика және биология бойынша вертуалды зерт­ханалар кешені ашылды, сон­дай-ақ авто­маттандырылған «КАБИС» кітап­хана-ақпараттық жүйесі іске қосылды.

Университеттің жылдан-жылға жаңа­рып, материалдық-техникалық базасы­ның нығайып, ғылыми әлеуетінің артуына университетті әр жылдары басқарған – Лениншіл Рүстемов, Мырзатай Жол­дасбеков, Валерий Салагаев, Жомарт Жапаров, Аманжол Қасабеков, Төлеген Қожамқұлов, Есенгелді Медеуов, Әб­діманап Бектұрғанов сынды іскер де бі­лім­ді азаматтар ықпал етті.

2008-2016 жылдар аралығында білім ордасы көпсалалы университет ретінде қалыптасып, білім берудің үш сатылы (бакалавриат, магистратура, докто­рантура) жүйесіне толық көшті. 2011 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының, Еуразиялық уни­верситеттер қауымдастығының мү­ше­лігіне, 2012 жылы Еуразиялық уни­­верситеттер қауымдастығының жеке ассоциациялық мүшесі, 2015 жылы уни­­вер­ситтеттің БҰҰ «Академиялық ық­пал» мүшелігіне өтті. Тіпті 2010-2011 оқу жылында Германиядағы ха­лық­аралық мамандандырылған ACQUIN-аккредиттік агенттігі арқылы білім бағ­дарламаларын халықаралық аккре­дит­теуден өткізді. Айта кетейік, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекет­тік уни­вер­ситеті педагогикалық бағыт­тағы маман­дықтарды халықаралық аккре­­дит­­теуден өткізген Қазақстандағы ал­ғаш­қы оқу орны.

 «2017 жылдары 6 мыңнан астам сту­дент 40 мамандық бойынша ба­­­ка­­лавриатта, 21 мамандық бойынша ма­гис­тра­турада, 6 мамандық бо­йынша докто­рантурада білім алды. Көпсалалы уни­вер­ситеттердің ұлттық рейтингісінде білім ордасы 12-орынды иеленді. Соны­мен қатар университет жоғары оқу орын­да­рының халықаралық (ARES-2017) рейтингісіне қазақстандық 95 жо­ға­ры оқу орындарының ішінде 27-орынға шықты. Осы жылдары 67 білім беру бағ­дарламасының 61-і маман­дан­ды­рылған аккредиттеуден өткен. 2016-2017 оқу жылында әскери кафедра, Био­технология мәселелерін зерттейтін ғы­лыми-зерттеу институты, «Даму» АҚ бір­лескен «Стартап-академия» ашылды», дейді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемле­кет­тік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.

Университетте жас ға­лым­дардың ғылыми жобаларын қол­дау және Алматы облысы кәсіп­кер­лерінің тың идеяларын жүзеге асыру­ды қаржыландыру үшін Стартап-плат­формасы құрылып, меморандум жа­сал­ған.

Оқытушылар мен білім алушылардың халықаралық және ішкі академиялық ұтқырлығы жылдан-жылға дамып келеді. Университет бойынша 171 студент және магистрант Германия, Польша, Испания, Италия, Ресей, Латвия, Чехия, Түркия елдеріндегі оқу орындарында білім жетілдірген. 2013-2017 жылдар ішінде студенттерге шет тілінде дәріс оқу үшін АҚШ, Канада, Чехия, Болгария, Латвия, Ресей, Словакия, Украина, Беларусь, Түркия, Қытай тағы басқа мемлекеттерден 58 оқытушы-ғалым шақырылыпты.

Ел Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазан­дағы қаулысына сәйкес еліміздегі уни­верситеттердің басқару үлгісі өзгер­гені көпке мәлім. Бұл өзгеріс атал­ған білім шаңырағын да айналып өтпеді. Осы қаулыға сәйкес Жетісу мемлекеттік уни­верситеті «І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КеАҚ болып қайта құрылды. Университетке берілген акаде­мия­лық еркіндік оның нарық заманына бейімделуіне, әділ бәсекеге түсуіне жол ашты. Соның дәлелі болар, көпсалалы университеттердің ұлт­тық рейтингісінде білім ордасы 2022 жылы 4-орынды иеленеді.

«Бүгінде университетте даярланатын мамандардың 57 пайызы педагогикалық мамандықтар. 2021-2022 оқу жылында жұмыс берушілердің сұранысы бо­йынша ауылшаруашылық экологиясы мамандығы ашылды. Сондай-ақ ақ­параттық жүйелер архитектурасы, ақ­параттық ресурстарды басқару, эконо­ми­калық кибернетика, арнайы педагогика, магистратура бойынша страте­гиялық менеджмент мамандықтары да оқы­тылады. Қазір оқу орнындағы 7 жо­ғары мектепте бакалавриатта 53, магистратурада 54, док­торантурада (phd) 10 бағдарлама бо­йынша маман даярлайды», дейді Қ.Баймырзаев.

Жетісудың жүрегіне айналған білім ордасында 22 ғылым докторы, 20 PhD, 102 ғылым кандидаты, 323 оқытушы, 5 216 білімгер, 36 оқу лабораториясы, 60 шетелдік серіктес, көп тілде білім беретін 39 топ, 1 300-ден астам грант, 551 793 дана кітапхана қоры, 34 компьютерлік сынып, Стартап-академия бар. Мұның бәрін неге айтып отырмыз, себебі өңірдегі ең ірі оқу орны өзінің жарты ғасырлық тарихында тек осы аймақты ғана емес, республика кө­лемінде білікті мамандармен қамтып келеді.

 

Жетісу облысы