АСТАНА. 23 мамыр. Оралда Мәншүк Мәметованың мұражай-үйі тоналды. Қуанышқа орай, күдікті көп ұзамай құрықталды. Бұл туралы «24kz» хабарлады.
Кеңес Одағының Батыры, қазақтың аяулы қызы Мәншүк Мәметова тұрған үй қазір мұражайға айналған. Мұнда батыр қыздың қолданған заттары, киім-кешегі және басқа да бұйымдары сақтаулы тұр.
Ал осы мұражайды түн жамылған ұры тонап кеткен. Арнайы қойылған күзетші – мұражай директорының ұлы терең ұйқыда болған.
Тексере келе анықталғандай, мұражайдың терезесін сындырып, ішке кірген ұры ХІХ ғасырда шығарылған «Мосин» винтовкасы мен карабинді, механикалық патефонды, сондай-ақ, алғашқы қазақ әскери бөлімін құрған Хамит Чуриннің раритеттік былғары рулетка-өлшеуішін алған. Мұны азсынған тонаушы мұражай-үйдегі DVD ойнатқышты да қолтығына қыстыра кеткен.
Қуанышқа орай полицейлер қылмыстың ізін суытпай ашты.
Орал облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі. Асылай Ғұбашева: «Шұғыл шаралар қабылдап, инновациялық технологияны қолданудың нәтижесінде қылмыс 4 сағаттың ішінде ашылды. Жедел басқару орталығының және сол маңдағы ұйымдардың алдындағы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарау нәтижесінде күдіктінің түр келбеті мен барған жерлері анықталды. Ал криминалдық полиция қызметкерлері ұрланған құнды жәдігерлерді тауып, мұражайға қайтарып берді» – деді.
Күдікті бұған дейін де 5 рет ұрлығы үшін істі болған 25 жастағы азамат екін.
Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражай үйінің директоры Светлана Бектенова: «Оқыс жағдай болғанда, полицияға хабар беретін арнайы дабыл қондырғысын орнатуға қаражат жоқ. Сондықтан күзетшінің қызметін пайдаланамыз. Ал тонаушымен бетпе-бет келген жағдайда, қылмыскердің оларды да аямайтыны анық. Ешкімнің жапа шекпегеніне шүкір деп отырмыз. Енді терезеге тор орнатып, қауіпсіздікті күшейтеміз», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «24kz».
Фото: «24kz».