Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиыны аяқталды.
Сабақтарды әскери білім ордаларының оқытушылары мен тәжірибелі нұсқаушылары өткізді. Бір айлық дайындық барысында запастағы офицерлер заманауи байланыс құралдарымен жұмыс істеп, бөлімшелерді басқару негіздерінен білімін және қаруды меңгерудің практикалық дағдысын жетілдірді.
– Жиынға шақырылғандар өздерін оң қырынан көрсетті. Сондай-ақ олардың оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайын екенін атап өткім келеді, – деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілі полковник Айдын Чунетов.
Жиынға қатысушы Алматы облысынан шақырылған запастағы лейтенант Нұрсұлтан Бекбосынұлы кәсіпкерлікпен айналысады. Шақырту қағазын алған соң ол белгіленген мерзімде жинау пунктіне келіп, оқудан өтті.
– Сабақ жоғары кәсіби деңгейде өтті. Өзіме қажетті теориялық және практикалық пайдалы тәжірибе алдым, – деп атап өтті Нұрсұлтан Бекбосынұлы.
Әскери міндеттілер оқу бағдарламасын меңгергенін емтихандар мен сынақтар тапсырып растады. Одан өзге запастағы офицерлерге кезекті әскери атақтар да берілді.