Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында денсаулық сақтау мекемелерінің жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алматы облысы – халқының саны ең көп аймақтардың қатарында. Мұнда медицина мекемелерін салу – басты міндеттің бірі. Қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет. Бұл жұмыс азаматтарымыздың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Бүгінде облыста 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады», деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мұның өзі жеткіліксіз болады.
«Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Алматыға барады. Сондықтан, денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы қатты сезілмей отыр. Бірақ, қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұрылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Облыс әкімдігі қай жерге қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шараларды қабылдайды», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.