АСТАНА. 23 мамыр. Мемлекет басшысы VІІ Астана экономикалық форум мен Дағдарысқа қарсы ІІ дүниежүзілік конференциясында ХХІ ғасырдың басы қауіптер мен жаңа сын-қатерлерге толы болып отырғанына назар аударды. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Форумда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Осыдан 6 жыл бұрын басталған дағдарыс жойылып кеткен жоқ. Жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Адамзат әлемдік дамудың мүлде жаңа жобасын күтуде. Мен мұны 2009 жылы-ақ «Дағдарыстың кілті» және «Бесінші жол» деген мақалаларымда айтқан едім. Бұл соңынан жаңа әлем пайда болуы тиіс, әлемдік өсудің ескі үлгісінің дағдарысы екенін уақыт көрсетіп отыр. Біз соның қарсаңында тұрмыз», – деді.
Бұдан кейін VІІ Астана экономикалық форум жөнінде пікірін білдірген Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларына табыс тілей отырып: «Бұл форум әлемдегі инклюзивтік өсуді дамыту мен оған жағдай жасау турасындағы халықаралық пікірталасқа өз үлесін қосады деп үміт артамын», – деді.
Тағы бір айта кетер жәйт, форум қатысушыларына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бейнежолдау арнады. Сондай-ақ, жиын барысында әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қатысты Малайзия премьер-министрі Н.Разак, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің президенті М.Сайдик және Нобель сыйлығының лауреаты М.Юнус өз пікірлерін білдірді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: akorda.kz.
Фото: akorda.kz.