Елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы бастама арагідік көтеріліп тұрады. Қазір елімізде үш мұнай өңдеу зауыты бар – Атырауда, Павлодарда және Шымкентте. Павлодар мен Шымкент МӨЗ-і жылына шамамен 6 млн тоннадан астам мұнай өңдесе, Атырау МӨЗ-нің қуаттылығы 5,5 млн тонна шамасында. Жалпы алғанда, бір жылда үш МӨЗ бірігіп 18 млн тоннаға жуық мұнай өңдейді.
«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов елімізде тағы бір зауыт салынуы керек деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда, төртінші МӨЗ-ді салу маусымдық дизель отыны тапшылығы проблемасын шешеді.
«Дизель отыны – егін жұмыстарын жүргізу мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін нөмірі бірінші өнім. Сондықтан қазіргі геосаяси жағдайға қарай отырып, ең бірінші кезекте өзге елдердің дизель өнімдеріне тәуелділіктен арылуымыз керек. Біздегі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз. Тағы да бірнеше шағын зауыт тұрғызу қажет. Мүмкін, тағы бір заманауи ірі мұнай өңдеу зауыт салу қажет шығар. Бұл үшін сапалы талдау жүргізген жөн болады», дейді Р.Баталов.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов төртінші МӨЗ-ді салғанша, оның орнына Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын арттыру керек деп есептейді. Оның айтуынша, бұл өңір – мұнай өнімдерін тұтынудың негізгі нарығы. Ал зауытта қуаттылықты арттыруға байланысты қажетті жағдай бар.
«Ол әу баста жылына 12 млн тонна мұнай өңдейді деп жобаланған. Жалпы зауыт шаруашылығы және зауыттың территориясы кәсіпорынды біртіндеп кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыт салу әлдеқайда қымбатқа түседі. Одан да бар зауыттың өндірісін арттырған дұрыс», деді министр.
Оның сөзіне сүйенсек, бірден 12 млн тонналық қуаттылыққа жеткізу міндет емес. Әрі ондай мөлшерге тап қазір қажеттілік те жоқ. Ведомство басшысының пайымдауынша, жылына 2-3 млн тоннаға көбейту (сонда жылына 9 млн тонна қуаттылық болады – ред.) – қолайлы нұсқа. Алайда мұның өзі қабылданған шешім емес. Өйткені елімізде отын көлемі жеткілікті және Қазақстанда бұл өнім үшін экспорт нарығы да аса үлкен емес.
«Орталық Азия отынды көп тұтынбайды, ал Ресейдің өз өндірісінде профицит болып жатыр», дейді ол.
Жақында ғана қытайлық PetroChina мұнай-газ компаниясының вице-президенті Хуан Юнчжан мен «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің кездесуінде (онлайн) бірнеше тақырып көтерілді. Оның ішінде Қытайға мұнай жеткізу көлемін арттыру, геологиялық барлау саласындағы кооперация мәселелерімен қатар, Шымкент МӨЗ-інің қуаттылығын арттыру жайы да бар.
Мамандар қуаттылықты арттыру өз алдына, әуелі шикізат проблемасын шешіп алу керегін айтады. Телеграмдағы ENERGY MONITOR каналының жазуынша, қазір Қызылордадағы мұнай өндірісі жылына орташа 6 пайызға төмендеп жатыр.
«Егер 2007 жылы Қызылорда 11,7 млн тонна мұнай өндірсе, 2022 жылы 4,2 млн тоннадан да аз өндіріс жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Павлодар МӨЗ-іне жеткізіліп отырған ресейлік мұнай көлемін Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы ауыстыру керек. Жалғыз шешім – қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз ету және Қытайға қазақстандық мұнай экспортын қазіргі 1 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту мақсатында қуаты жылына 20 млн тоннаға дейін жететін жаңа «Атырау – Кеңқияқ» мұнай құбырын салу қажет болып тұр. Бұл – Ресей мұнайының Қазақстан арқылы Қытайға жылына 10 млн тонна көлемінде транзитін есепке алмағандағы есеп. Қытайлық инвесторларды қанша жерден жақсы көрмесек те, олар Қазақстанның ішінде мұнай құбырларын салып, мұнайды қазақстандық МӨЗ-дерге өзіндік құнымен пара-пар деңгейде жеткізіп береді (өндірістің 70 пайызына дейін), МӨЗ-дерді модернизациялауға қатысады», деп жазады канал сарапшылары.
Сарапшылардың дерегінше, 2016 жылы елдегі үш ірі МӨЗ бензин бойынша нарық қажеттілігін – 70 пайызға, дизель бойынша – 90 пайызға, ал әуе керосині бойынша 50 пайызға жауып тұрды. 2018 жылғы жаңғыртудан соң (құны 6 млрд доллар болған) үш МӨЗ ішкі нарық қажетін 100 пайызға өтей бастады. Былтырғы KazEnergy баяндамасы бойынша елімізде 2050 жылға дейін жанар-жағармай, әуе керосині және дизель бойынша тапшылық болмайды.
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Арман Қайырденовтың айтуынша, әсіресе, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақтардағы сұраныс жоғары. Аталған елдерден келетін жүк көліктерінің Қазақстанды транзиттік жанармай нүктесі ретінде пайдалануы дизель отынына деген сұранысты арттыра түскен. Бұл ретте дизель отынын контрабандалық жолмен шығару мәселесі де бар. Дизель отынының бөлшек бағасы Ресейдегі бағадан 1,5 есе арзан. Соның салдарынан қазақстандық арзан баға көрші елдердің нарығын автоматты түрде субсидиялап отыр. Мамандардың айтуынша, дизель отынын қазіргі тұтыну көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен. Пандемия жылында 4,7 млн тонна тұтынылса, биылдың қорытындысы бойынша 5,5 млн тонна дизель отыны сатып алынады деген болжам бар.
«КТК-ның қайта-қайта тоқтап қалу тәуекеліне байланысты төртінші ірі МӨЗ құрылысын бастау идеясы туындайды. Қазір біздің бүкіл мұнайымыз Ресей территориясы арқылы экспортталады, ал кенеттен ол маршрут тоқтап қалған жағдайда барлық мұнайды неліктен өзімізде өңдемеске. Төртінші ірі МӨЗ-дің қажеттілігі мұнай өнімдерін экспортқа шығару бойынша ғана туындайды. Теорияда бұл өте жақсы бизнес-мүмкіндік. Бірақ ол үшін нарықты зерттеу керек: көршілес елдерден жақын 5-10 жылда сұраныс бола ма? Сырттан сұраныс болса, салуға қаржылық мүмкіндік болса, неге салмасқа. Бірақ бұл жерде назар аударарлық маңызды жайт бар, оны мемлекет ақшасын тартпай, жеке инвестор салсын. Зауыт құрылысын бизнес қана жедел әрі тиімді жүзеге асырады», деп пікір білдіреді Energy Analytics каналы.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 85,7 млн тонна мұнай өндірілген. Соның 67,6 млн тоннасы экспортталып, 17,1 млн тонна мұнай қайта өңделіп, 13,1 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл ретте былтыр жыл бойы ірі үш мұнай өңдеу зауытында 4,8 млн тонна автобензин, 4,9 млн тонна дизель отыны, 0,6 млн тонна әуе керосині, 0,24 млн тонна мазут шығарылды.
Ал 2022 жылдың 12 шілдесінен бастап мұнай өнімдерінің экспортына жаңа тыйым енгізілді. Бұл туралы Энергетика, Қаржы, Ішкі істер министрліктері және ҰҚК бірлескен бұйрық дайындаған еді. Бұйрық аясында ел аумағынан автобензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобильмен алып кетуге тыйым салынды.
2022 жылдың 9 айында Атырау МӨЗ-і 4,2 млн тонна мұнай өңдеген. Бұл – былтырғы жоспарлаудан 112 мың тоннаға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде 1 млн тонна автобензин, 1,2 млн тонна дизель отыны, 114 мың тонна әуе керосині және өзге де мұнай өнімдері өндірілген. Шымкент МӨЗ-і биылғы 7 айда 3,5 млн тонна мұнай өңдеді: 1,2 млн тонна – автобензин, 1,1 млн тонна – дизель отыны, 204 мың тонна – әуе керосині және басқа да мұнай өнімдері бар.
Ал мұнай өндірісінің жалпы мәліметіне келер болсақ, 17 қазан күні елімізде 200 мың тонна мұнай және газ конденсаты, 113,6 млн текше метр газ өндірілген. Мұнай өңдеу зауыттарында 47,9 мың тонна мұнай қайта өңдеуден өткен. Мұнайдың нарықтағы бағасы әзірге төмен, 17 қазандағы жағдай бойынша WTI мұнайы – барреліне 85,46 доллар болса, Brent маркалы мұнайдың баррелі 91,62 долларға бағаланып отыр.