• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қазан, 2022

Балаларға бейқам қарамайық

256 рет
көрсетілді

Бала тәрбиесінде жіберген иненің жасуындай олқылықтың өзі орны толмайтын ауыр жағдайға апарып соғатыны анық. Өкінішке қарай, қоғам жасөспірімдер арасындағы қайғылы оқиғалардың жолын кесуге қауқарсыз. Әсіресе балалар арасындағы суицидтің азаймай отыруы – осының айғағы.

Жаманат хабарды жасырып қалуға болмас, жақында  Талғар ауданына қарасты Жалғамыс ауылдық орта мектебінің 10-сынып оқушысы өзіне қол жұмсап, өмірмен қоштасты. Ауыл адамдарын дүрліктерген жағдайды облыстық білім басқармасының өкілдері растағанымен, қыз баланың суицид жасау себебін сырт көзге жария етпеді. Ал тұрғындар қайғылы оқиға мектеп аумағында болған дейді.

– Талғар ауданының Жалғамыс ауылында мектеп оқушысы суицид жасағаны расталды. Қайғылы оқиға сабақтан тыс уақытта болған. Қайтыс болған оқушының отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Білім басқармасы қажетті көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу шараларын жүргізіп жатыр, – дейді оқиғаға орай ақпарат таратқан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Расымен, Алматы облысындағы жасөспі­рімдердің жағдайына алаңдау­ға негіз бар сияқты. Өйткені балалардың өзіне қол жұмсау деректері көбейіп отыр. Мысалы, ай­мақта өткен алты айда 7 бала өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасқан болатын. Қыршыннан қиылған жеті жас ғұмырдың екеуі Еңбекшіқазақ ауданында, екеуі Ұйғыр ауданында тұрған болса, Жамбыл, Іле және Қарасай аудандарында бір-бір оқиғадан тіркел­ген екен. Ал өзіне қол салуға оқталған 11 бала құтқарылыпты. Ал Талғар ауданында болған оқиғаның жай-жапсарын тергеу анықтай жатар.

Жалпы, бала өлімінің саны артқанын да жасыруға болмас. Тағы бір қайғылы оқиға жақында ғана Іле ауданының Ащыбұлақ ауылына қарасты «Жомарт» саяжайында болды. Бұл ретте бір отбасының 3 баласы газға уланып қайтыс болған. Облыстық төтенше жағдай қызметі «Жомарт» саяжайында бір отбасының газдан уланғанын хабарлады. Оқиға орнынан 52 жастағы ер адам мен оның үш ұлы табылған. Жан тапсырған балалардың үлкені 13 жаста, екеуі 8 жаста екен.

Өкінішке қарай, жол апатынан зардап шеккен бала саны да артып отыр. Ең ауыры, апат салдарынан тіл тартпай кеткен балалар да бар. Аймақта жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 207 жол апаты болып, 9 бала қаза болған көрінеді. Тағы 300 бала әртүрлі дене жарақатын алған. Күні кеше Қарасай ауданында 14 жастағы 2 оқушы мопедпен газ құбы­рына соғылып, біреуі қайтыс болды.

– Алдын ала мәліметтер бойынша 14 жастағы жасөспірім мотоциклді  басқара алмай, газ құбырына соғыл­ған. Оқиға орнында кәмелетке толма­ған жүргізуші қаза тауып, оның сыныптасы ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 

Алматы облысы