Отбасы құндылығын жаңғыртып, әке мен ана мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына Сыр бойынан 2014 жылдан бері 1 700 отбасы өтінім берген. Осы жылы сегізінші рет өткізілгелі тұрған іс-шараға қатысуға облыстан 178 шаңырақ ниет білдірді.
Олардың арасынан конкурстың облыстық іріктеу кезеңіне қала мен аудандардан 17 отбасының құжаты тапсырылды. Осы жылғы 15 шілде күні өткен облыстық іріктеу комиссиясының қорытындысы бойынша конкурстың бас жүлдесі мен үш орын, жеті номинация белгіленді. Облыстық жарыстың бас жүлдесін Нартай ауылында тұратын Байжановтар әулеті жеңіп алды.
Жаз айында облыстық іріктеу қорытындысы бойынша Достық үйінде марапаттау рәсімі өтіп, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаз және жүлдегер отбасыларды құттықтаған еді.
− Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – Отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – Отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек», деген болатын. Бүгінде елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған мемлекеттік қолдаулар жыл сайын жетілдірілуде. 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше, тағылымды іс-шара. Бұл байқауға қатысқан отбасылардың барлығы да – нағыз мерейлі жеңімпаздар, − дейді өңір басшысы.
Бас жүлде алған Байжановтар әулетінің үлкені – 99 жастағы Сәрсенбек Байжанов ақсақал. Ғұмырының табандай қырық жылын ұстаздыққа арнаған соғыс ардагері марапаттарының қатарында «II дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері, «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» медальдары бар. Майдангер ұстаз «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағын да алған.
Бүгінде өмірден өтіп кеткен қосағы, «Батыр ана» Жәмила апа екеуі 11 ұл-қыз өсіріп, олардан 41 немере, 50 шөбере сүйді. Сәрсенбек ақсақалдың әулеті енді республикалық додада бақ сынайды.
Облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысында жалағаштық Маштаевтар отбасы жүлделі ІІІ орынды, Шиелі ауданынан қатысқан Рыспембетовтер әулеті ІІ орынды иеленді. Ал І орын жүлдесі Қызылорда қаласының Ермановтар әулетіне табысталды. Сондай-ақ байқауға белсенді қатысқан отбасылар арнайы аталымдармен марапатталды. Солардың қатарында қазалылық Сүлейменовтер әулеті – «Өнерлі отбасы», қармақшылық Бердібаевтар шаңырағы – «Өнегелі отбасы», қармақшылық Шамшатовтар – «Үлгілі отбасы», жалағаштық Бекниязовтар – «Берекелі отбасы», аралдық Сыдықовтар әулеті – «Талант тұғыры», сырдариялық Есенхожаевтар – «Озат отбасы», жаңақорғандық Төлегеновтер «Толағайлар отбасы» аталымдарын иеленіп, оларға арнайы жүлде тапсырылды.
Ұлтымызда отбасы ұғымының орны бөлек. Туған жеріне тамыр жайып, саялы бәйтерекке айналған жандар қашанда құрметке ие. Олардың өмірі жарасым, сүйіспеншілік, мейірім секілді ізгі қасиеттер арқылы ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кеңейіп, түтіні түзу ұшатынының дәлелі.
Соңғы үш жылда Сыр бойында бала туу көрсеткіші 16 пайызға артып, шаңырақтарда іңгәлаған сәбилер үні көбейіп келеді. Облыстағы 141 мың отбасының 48 мыңнан астамы – көпбалалы шаңырақтар. Алтын құрсақты аналарымыздың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері.
Қызылорда облысы