Жыл басынан бері облысқа сапарлаған туристер саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Олар негізінен тартылған теңіз табанында серуендеуге, Қамбаштың емдік суларына, Көкарал мен Барсакелмес қорығына қызығушылық танытып отыр. Келушілер арасында өңірдегі ежелгі қалашықтарды аралап, тарихын тани түскісі келетіндер де көп.
Арал ауданындағы өнеркәсіптік нысандар да туристер назарын аударып отыр. Оларға ыңғайлы болуы үшін Қамбаш көліне кірме жолдар жөнделіп, 100 орындық автотұрақ салынды. Ауданда жол талғамайтын көліктермен сафари жасау, түйелермен серуендеу бағытындағы экожобалар әзірленіп жатыр.
– Жақын және алыс шетелдерден келгендер арасында біздегі 9 балық өңдеу зауытының жұмысына қызығушылар бар, – дейді Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы Данияр Қаржаубаев. – Сондай-ақ суы мөлдір Камбаш көліне баратындар көп. Көл қазір Қазақстандағы 50 үздік туристік нысан қатарына енді. Жыл сайын осы демалыс аумағына 100 мыңға жуық турист келеді.
Өңірде медициналық және экотуризмді дамытуға ден қойылып отыр. Жыл басынан бері Сырға келген 50 мыңнан астам адамның 20 мыңы медициналық мекемелерді, қалғандары экологиялық және ғарыштық экскурсияларды таңдаған. Бірақ осы сұранысқа ие болып отырған соңғы бағытты толық жүзеге асыру үшін бірқатар мәселе шешімін табуға тиіс.
– Шетелдік туристердің Байқоңырға келуіне рұқсат беретін құжаттарды тексеруге 55 күн кетеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Жетілгенов. – Қазір ресейлік әріптестермен осы мерзімді 15-20 күнге дейін қысқартуды пысықтап жатырмыз. Қазақстандық турфирмалар үшін ғарыш айлағына кіру мүмкіндігі шектеулі екендігі де көп жұмысқа кедергі болып отыр. Бұл мәселе екі ел Үкіметі деңгейінде қаралатын болады.
Қызылорда облысы